21 Желтоқсан, Сенбі

Әдебиет

Әдеп туралы мақал-мәтелдер жинағы - (01)


Әдепсіз бала
Ауыздықсыз атпен тең
Ақылды кәрия
Жазып қойған хатпен тең.

Әдепті бала өсірсең,
Ауылдың абыройы.
Ақылды жігіт өсірсең,
Атырабыңның абыройы.

Әдепті елдің қыздары —
Қырмызы - қызыл жібектей.

Әдептілікті данадан үйрен.

Әдептіліктің белгісі иіліп сәлем бергені,
Жақындықтың белгісі көп кешікпей келгені.

Әдеп басы – тіл.

Әдеп пен құлақтың анасы – тіл.

Жаман қатын терісін жимайды да,
Жегізіп алып итті қинайды.

Әдепсіз жігіт жүгенсіз атқа ұқсайды.

Әдеп пен адамгершілік ана тіліңнен нәр алады.

Әдепсіз үйге кірме, әкімсіз елде тұрма.

Әдепті бала ата - анасын мақтатар,
Әдепсіз бала ата - анасын қақсатар.

Аға әдепті болса, іні әдепті,
Апа әдепті болса, сіңлі әдепті.

«Сіз» деген әдеп,
«Біз» деген көмек.

Әдепсіз өскен адамнан
Тәртіппен өскен тал жақсы.

Ұятсыз әйел – тұзсыз ас,
Әдепсіз жігіт – жүгенсіз ат.

Әдептің не екенін,
Әдепсіз адамды көргенде ұғарсың.

Өзек қуа ағады,
Өзен судың саласы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы.

Әдепті бала – арлы бала,
Әдепсіз бала – сорлы бала.