Әдебиет
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.
Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.
Сорлы болған мұжық
Болған соң кәсібі ұрлық, ұры залым
Ұрлауға ұят дей ме жұрттың малын?
Ойы арам, қаны қара, ол нағылсын,
Біреуді зар жылатпақ, зор обалын!
Құдай да, Құран да оған жалғыз қарын,
Сол үшін қара жерге көмген арын.
Ұры еніп бір Мұжықтың сарайына,
Сыпырып кетіпті ұрлап қоймай бәрін.
Мұжығым жатарда бай, тұрса - сорлы,
Байлықтың құр тып-типыл қалған орны.
Аһылап-уһлейді, ұры алған соң
Терімен мандайының жиған қорды.
Туысқан, көрші, құда-құрмаласын,
Дос-жарын жиып, Мұжық жәрдем сұрады.
«Қайғымды, - Мұжық айтты, - шағам, жұртым,
Сендерден жақын кімді табам, жұртым!
Ұшырап зор қазаға, жайым мынау,
Не көмек бересіңдер маған, жұртым?»
Жиылып келген өңшең жақындары,
Мұжыққа ақыл айтып жатыр бәрі.
Сорлыға бар мүлкінен жұрдай болған
Мінеки берген көмек-ақылдары.
Карп деген бөлесі айтты:
«Әуел баста Бай деп ат керек еді шығармасқа!»
Құрдасы Клим айтты:
«Мұнан былай Сарайды үйден оқшау салдырмасқа!»
Айтады көрші мұжық бір жасырақ:
«Болғаннан емес қой бұл сарай жырақ!
Қабаған, кісі алатын төбеттерден
Қораға қоймағаннан ит асырап.
Қаншығым балалады күні кеше,
Ал сонан, аямаймын, керегінше!
Бірталай, үйшік толған күшігі бар:
Ішінен табылатын қандай десе.
Көршіме көңілі жарым қимаймын ба,
Обалын мойныма артып, өлтіргенше!»
Жүз ақыл берген шығар келген бәрі,
Бірі олай, бірі бұлай деп жасы-кәрі.
Аямай тіл көмегін беріп-беріп,
Бір адам қараспады сөзден әрі.
Ей, Мұжық!
Жұртқа сенбе, өзіңе сен!
Өледі аштан қонақ әрі-сәрі.
Аузыңды ққрғақ қасық босқа қажар,
Шығынға құр айтқан сөз болмас дәрі.
Бұл сөздің мағынасы емес терең,
Сонда да қорытуын айтып берем:
Әр түрлі сыналатын жер болмаса,
Достықты, жақындықты шын-ақ дер ем.
Жап-жақын жайшылықта көп дос-жарды
Мен неге жамандықта сирек көрем?
Тар кезең, талма жерде табылу жоқ,
Қалады құлақтары болып керең.
Осындай дүниенің ісін байқап,
Достық пен жақындыққа талғап сенем.