23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Пушкин Вольтерден




Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің,
Қыздыратын жасты қайдан ал дейсің?
Өмірімнің таңын қосып кешіне,
Бер қайтадан өткен күннің һәммесін!
Бере алмасаң, кең салалық бейілді,
Жас қызығын көрсін жастар кейінгі.
Тәтті өмірмен нәпсі көңілін ауладық,
Қалғанымен алданталық зейінді!
Уа, дариға!
Өттің бастан, қызық жас!
Өзіңе жөн, өзгелерге бұзық жас.
Қайғы, қасірет дертін жанға батырмай,
Қайран жастық!
Қызуымен қылған мас!
Көрінбестен өмір көбі өткен шақ,
Тіршіліктің сән, ләззаты кеткен шақ.
Ойын, күлкі, мәжілістен, қызықтан
Мезгіл қуып: «Шық!» - деп әмір еткен шақ.
Жасың айтса, көнбегеннен не пайда?
Уақыттың тілі шолақ: «жүр!», «айда!»
Тұрлауы жоқ, өзгерілгіш өмірдің
Өтпесіне еткен, сірә, кім айла!
Мүмкін десек адамзатқа екі өлмек,
Бірі соның - «жасым жетті» деп көнбек.
Бұл өлімнің ардақтысы, аруы,
Мұнан кейін өлім бе сол дем сөнбек?!