24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Екі бөшке




Көшеде екі Бөшке келе жатты,
Бірі бос, екеуінің бірі зат-ты.
Ішінде заты бары жай аяңдап,
Салдырлап келе жатыр босы қатты.
Адамдар даусын естіп қорқып-сасып,
Ығысып, алыстан-ақ жолын ашып,
Жүгіріп шапшаңырақ бара жатыр
Көшенің ортасынан шетке қашып.
Құр Бөшке жұртты үркітіп салдырлады,
Көшеде қарамаған жан қалмады.
Бұйымы көп, дыбысы жоқ екіншісін
Ілтипат етіп ешкім аңғармады.

* * *
Жиылып отырған жұрт мұны тындап,
Сөзбайын сөз аяғын көп мылжыңдап.
Билігін өздеріңіз айтыңыздар,
Бөшкенің қайсысының пұлы қымбат?
Құр бөшке салдыры зор, бағасы кем,
Фаһамсыз құр даурыққан адаммен тең.
Алыстан әлдеқандай болса дағы,
Жай-мәнін, жақындасаң, білерсің сен.
Екінші толық Бөшке мысалы сол -
Адамдар көп даурықпас ақылы мол.
Сарп етпей босқа сөзін жұртқа жарлап,
Үндемей жүріп ісін істейді ол.
Байқамас оны ешкім жақындаспай,
Істес боп ой сынасып, ақылдаспай.
Бөшкеде не зат барын кім біледі
Қақпағын я бір жерін тесіп ашпай?!