29 Наурыз, Жұма

Әдебиет

Ағайынды Гриммдер
Ағайынды Гриммдер — неміс халық мәдениеті зерттеушілері мен лингвисттері.

Батыр тігінші


Бір неміс шаһарында Ганс дейтін киім тігетін ісмер адам болыпты. Ол күні бойы терезенің алдындағы үстелде іс тігіп отырады екен. Күрте де, шалбар да, кеудеше де тігетін болса керек.

Бір күні Ганс іс тігіп отырып, көшеден айғайлаған дауыс естиді.

— Мұраппа! Қара өрік мұраппасы! Кімге мұраппа керек?

«Мұраппа, ә!—деп ойлайды тігінші.— Және қара өріктің мұраппасы екен. Жақсы болды».

Осылай ойлайды да, Ганс терезеден айғай салады:

— Тәтей, тәтей, бері кел! Мұраппаңнан бере кет!

Жарты қалбыр мұраппа сатып алады да, бір тілім нан кесіп, оған мұраппа жағып қойып, кеудешені әрі қарай тіге береді.

«Кеудешені тігіп тастап, мұраппа жейінші бір,— деп ойлайды.

Тігінші Ганстің үйінде құжынаған шыбын болатын-ды. Мың ба, әлде екі мың ба, есебіне сан жетпейтін еді.

Шыбындар мұраппаның иісін сезіп, нанның үстіне үймелеп кетті.

— Ау, шыбындар, шыбындар,— дейді тігінші,— сендерді кім шақырды? Мұраппама неге үймелейсіңдер?

Ал шыбындар сөзге құлақ аспай, мұраппаны жей береді. Сол арада тігінші ашуланып, кетіп, қолына шүберек ала салып, шыбындарды періп қалғанда, бірден жетеуі жер жастанды.



— Пәле, қандай күшті, қандай батыр едім!—дейді тігінші Ганс.— Бұл ерлігімді күллі шаһар білуі тиіс. Тәйір-ай, шаһар деген не? Бүкіл әлем білсін. Жаңадан белбеу істеп алайын да, сыртына үлкен әріптермен «Ашулансам, ноянмын, жетеуіңді жоямын»,— деп кестелейін.

Айтты — болды. Сонсоң жаңа белбеуді беліне байлап, жол азыққа жан қалтасына бір түйір сүтсірне салып алып, сыртқа шығады.

Қақпа алдында бұтаға шырмалып қалған құсты көреді. Құс қанша бұлқынып шырылдағанмен, босанып кете алмай жатыр екен. Ганс құсты ұстап, әлгі сүтсірне салған жан қалтасына сүңгітіп жіберді.

Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры бір биік таудың етегіне келеді. Ұшар басына шығып қараса — тау үстінде төңіректі шолып, бір дәу отыр.

— Аман ба, дос,— дейді тігінші.— Кел, маған ер, жалғанды жалпағынан басып, бір қыдырып қайтайық.

— Қайдағы доссың сен маған!—дейді дәу.— Сен болсаң, шидиген, құртақандайсың, ал мен болсам, алпамсадай алыппын, күштімін! Есен-сауыңда табаныңды жалтырат.

— Ал сен мынаны көрдің бе?—дейді Ганс, дәуге белбеуін көрсетін.

Ганстің белбеуінде «Ашулансам, ноянмын, жетеуіңді жоямын» деп үлкен әріптермен кестеленген екен.

Дәу жазуды оқыған соң: «Кім біледі, мүмкін, бұл өзі шынында да күшті адам шығар. Сынап байқау керек»,— деп ойлайды.

Дәу жерден тас алып, қатты қысып қалғанда, тастан су шығады.

— Енді сен де осыны істеп байқа,— дейді дәу.

— Бар мақтанғаның осы ма?—дейді тігінші.— Бұл мен үшін ойыншық нәрсе ғой.

Ол жан қалтасынан ептеп бір түйір сүтсірне алады да, бір қолымен-ақ сығымдап қысады, сол-ақ екен саусақтарының арасынан су жерге тамшылай бастайды.

Мынадай күшке таң қалған дәу Гансты тағы сынап байқамақ болады. Жерден тас алып, лақтырып кеп жібереді. Қатты лақтырғаны соншалық, тас көрінбей кетеді.

— Ал, қане,— дейді тігіншіге,— енді сен лақтырып көр.

— Сен тым биікке лақтырады екенсің,— дейді тігінші.— Дегенмен лақтырған тасың жерге қайтып түсті. Ал мен лақтырған тасқа қарап тұр, аспан астына сүңгіп кетеді.

Қолын жан қалтасына сұғып, баяғы құсты алады да, жоғары ұшырып кеп жібереді. Құс әуелеп ұшып, көп ұзамай көзден ғайып болады.

— Қалай екен, достым?— деп сұрайды Ганс.

— Жаман емес,— дейді дәу.— Енді бір күш сынасып байқайық, дәу ағашты арқалап кете алар ма екенсің?

Тігіншіні кесілген еменнің қасына алып келеді де:

— Сен күшті болсаң, осы ағашты орманнан шығарып әкетуге маған көмектесші,— дейді.

— Құп болады,— дейді тігінші, ал өзі ішінен:

«Мен әлсіз болсам да, ақылдымын, ал сен күшті болғанмен, су мисың. Мен сені әрқашан-ақ алдап, жер соқтырып кете алам»,— деп ойлап тұр.

— Сен ағаштың діңін ғана арқала, ал мен бүкіл бұтағын, бүрін көтеріп жүрейін. Өйткені ол жағы қомақты да ауыр ғой.

Олар солай етеді. Дәу ағаштың діңін иығына салып, сүйрете жөнеледі. Сол-ақ екен тігінші бұтақтардың үстіне шығып алады. Дәу жалғыз өзі бүтін ағашты тігіншімен қоса сүйретіп келеді. Бұрылып артына қарайын десе, бұтақтары көлегейлеп көрсетпейді.

Ганс бұтақтардың үстіне атша мініп алып:

— Жігіттері ауылдың Бақшаға қарай ағылды.— деп өлеңдетіп келеді.

Ағашты дәу ұзақ сүйретеді, ақырында шаршап:

— Ау, тігінші, мен қазір ағашты жерге тастап жіберем. Әбден шаршадым,— дейді.

Сол-ақ екен тігінші бұтақтан секіріп түсіп, бағанадан бері дәуге көмектесіп келе жатқан құсап, ағашқа қос қолдап жармаса қалады.

— Мәссаған!—дейді тігінші дәуге.— Алпамсадай болғанмен, күшің шамалы екен.

Ағашты сол жерге қалдырып, екеуі әрі қарай жүріп кетеді. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры бір үңгірге жетеді. От басында бес дәу отыр, әрқайсысының қолында бір-бір үйтілген қой.

— Міне,— дейді Гансты ертіп келген дәу,— біз осында тұрамыз. Ана кереуетке шық та, жатып дем ал.

Тігінші төсекке қарап: «Мынау маған лайық кереует емес екен»,— деп ойлайды.

Ол осылай ойлады да, үңгірдің бір қараңғылау бұрышын тауып алып, ұйқыға бас қояды. Түн ортасында дәу оянып, қолына үлкен темір сүймен алып, бар пәрменімен кереуетті періп кеп қалады.

— Бәсе,— дейді дәу жолдастарына,— сірә, мына мықты пәледен енді құтылған шығармын.

Алты дәу таңертең тұрып, отын шапқалы орманға беттейді. Тігінші де тұрып, жуынып-шайынып, таранып, дәулердің соңынан кетеді.

Орманда Гансты көре салып, дәулердің зәресі ұшады. «Е,— деп ойлайды олар,— мұны темір сүйменмен ұрып өлтіре алмадық, сірә, бұл бәріміздің түбімізге жетер».

Дәулер осылай ойлап, тым-тырақай қаша жөнелсе керек.

Ал тігінші болса, оларды мазақтап ішек-сілесі қатып күліп, басы ауған жаққа жүре береді.

Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры король сарайының қасына келеді. Қақпа алдындағы көк шөпке қисайып, қатты ұйқтап кетеді.

Ол ұйқтап жатқанда, король нөкерлері жанына келіп, белбеуіндегі «Ашулансам, ноянмын, жетеуіңді жоямын» деген жазуды оқып көреді.

— Пәле, бізге бір мықты келген екен!— дейді олар.— Дереу корольге хабарлау керек.

Нөкерлері корольге келіп:

— Сарайдың алдында бір мықты жатыр. Нөкер етіп алсаңыз, қайтеді. Соғыс бола қалса, бір кәдеге жарар,— дейді.

Король қуанып кетіп:

— Дұрыс айтасыңдар, шақырып келіңдер,— дейді.

Тігінші ұйқысын қандырып, көзін уқалап алып, корольге нөкерлік қызметке кіріседі.

Арада біраз күн өтеді, ол нөкер болып жүре береді. Король сарбаздарының арасында күңкіл туа бастайды.

— Сірә, бұл мықтыдан біз еш жақсылық таппаспыз. Бұл ашуланса, жетеуді бірден жер жастандырады ғой. Белбеуінде солай деп жазылыпты.

Олар корольге келіп:

— Мұнымен бірге жүре алмаймыз. Бірде болмаса бірде ашуланса, бәрімізді қырып тастайды. Аман-есенімізде бізді нөкерліктен босатыңыз,— дейді.

Мұндай мықтыны нөкер етіп алғанына корольдың өзі де өкініп, бармағын шайнап жүрген болатын.

«Шынында да,— деп ойлады ол,— бұ шіркін ашуланса, сарбаздарымды түгел қырып салар, өзімді де жер жастандырар, сонсоң өзі тағыма отырып алар... Бұдан қалай құтылсам екен, ә?»

Тігіншіні шақырып алып, король:

— Менің елімде, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманымның ішінде екі қарақшы жүр, екеуі де асқан күшті, маңына тірі пенде жолай алмайды. Сол екеуін іздеп тауып, көздерін жоюды бұйырамын. Көмекке жүз салт атты сарбаз қосып беремін,— дейді.

— Құп,— дейді тігінші.— Мен ашулансам, жетеуіңді бірден жер жастандырам. Тәйір-ай, екі қарақшы сөз бе екен!

Сөйтіп, ол орманға қарай беттейді. Салт атты сарбаздар соңынан желе жортып келеді.

Орманның шетіне жеткен соң, Ганс сарбаздарға:

— Сарбаздар, сендер осы арада қалыңдар, қарақшыларды о дүниеге өзім-ақ аттандырам,— дейді.

Қалың жыныстың ішіне кіріп, жан-жаққа көз жүгірте бастайды. Демдерінен үстіндегі бұтақтар теңселіп, дәу ағаштың түбінде қорылдап қатты ұйқтап жатқан екі қарақшыны көреді. Көп ойлап жатпастан, тігінші жан қалтасын тасқа толтырып алып, ағаштың басына шығып, бір қарақшыны көздеп тас лақтыра бастайды. Тас біресе кеудесіне, біресе маңдайына тиеді. Қарақшы қор-қор етіп, еш нәрсе сезбей жата береді. Кенет бір тас қарақшының мұрнына тарс ете түседі.

Қарақшы ояна салып, жолдасын бүйірге нұқып қалады.

— Сен неге төбелесесің?

— О не дегенің!—дейді екінші қарақшы.— Сені мен ұрған жоқпын. Сірә, түс көргенсің ғой.

Екеуі қайтадан қорылдап ұйықтап кетеді.

Сол-ақ екен тігінші екінші қарақшыны таспен атқылай бастайды.

Ол да оянып кетіп, айғай салады:

— Сен маған неге тас лақтырасың? Жынданғансың ба, өзің!

Осыны айтып, ол жолдасын маңдайға періп жібереді. Анау мұны періп қалады.

Екеуі біраз жұдырықтасып алып, сонсоң қолдарына не түссе сонымен, таспен, ағашпен бірін-бірі төпеп, қызыл шекелесіп кетеді. Және бірін-бірі әбден мүрдем кетіргенше солай төбелесе береді.

Сонсоң тігінші ағаштан түсіп, орманнан шығады да, сарбаздарға:

— Іс бітті, екеуі де мүрдем кетті. Антұрғандар пәлекет екен! Тас лақтырып, жұдырықтасып бақты, бірақ, тәйірі, маған не істей алушы еді? Мен ашулансам, екеу түгіл жетеуді бірден жер жастандырам ғой!—дейді.

Король сарбаздары орманға кіріп, екі қарақшының сілейіп жатқанын көреді. Тіршілік нышаны байқалмайды, мүрдем кетіпті.

Ганс корольдың сарайына қайтып оралады. Король зымиян қу адам болатын. Ганстың сөзін тыңдап болған соң: «Жарайды, жігітім, қарақшылардан күшің асқан екен, сені тағы бір жұмысқа жұмсайын, әсте, тірі қайтпассың»,— деп ойлайды.

— Бері қара,— дейді король Ганске,— сен әлгі орманға қайта барып, сонда жүрген жалғыз мүйізді жалмауыз аңды ұстап әкел.

— Құп,— дейді Ганс корольге,— бұ да қолымнан келеді. Мен ашулансам, жетеуді бірден жер жастандырам ғой. Тәйір-ай, жалғыз мүйізді жалғыз аң маған сөз бе екен.

Ол қолына балта, арқан алып, орманға қарай беттейді.

Ганс жалғыз мүйізді жалмауызды көп іздеп сандалған жоқ, түрінен адам шошырлықтай, үстіндегі түгі тікірейген, мүйізі алмас қанжардай бір аң қарсы алдынан шыға келеді.

Мүйізімен жарып тастамақ болып тап бергенде, тігінші бір жуан ағаштың тасасына тығыла қалады. Аң зымыраған бетімен келіп, ағашты сүзгенде, мүйізі ағашқа қадалады. Кері жұлқынып еді, мүйізін шығарып ала алмайды.

— Бәлем, енді менен құтыла алмайсың! — деп, тігінші жалғыз мүйіздің мойнынан тас қылып байлайды да, ағашқа қадалған мүйізін балтамен шауып шығарып алып, шаһарға қарай жетектеп жөнеледі.

Жалғыз мүйіздіні тұп-тура король сарайына алып келеді.

Жалғыз мүйіз басына алтын тәж киген, үстіне қызыл шапан жамылған корольді көре салысымен, пысылдап, күжілдеп қоя берді. Екі көзіне қан толып, түгі тікірейіп, мүйізі қанжардай сойдиып тұр.

Король зәресі ұшып, тұра кеп қашады. Сарбаздары соңынан жөнеледі. Король сол қашқаннан ұзап қаша беріп, адасып кетеді, кері қайтар жолды таба алмайды.

Ал тігінші болса тыныш өмір сүріп өтіпті, бұрынғысынша күрте-шалбар, кеудеше тіге беріпті. Белбеуін қабырғаға іліп қойса керек, бұдан былай ғұмырында дәулерді де, қарақшыларды да, жалғыз мүйізді құбыжық аңды да көрмепті.