Әдебиет
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931) — ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931) — ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
Дуаның пайдасы
Қазақта бір сөз бар: оңған, ілгері басқан біреуді «Дуа тиген ғой!» —дейді. Бір оңбаған тұқымды: «Дуа тимеген ғой!» — дейді. Кеше Күлікте: біреуінің аты — Әкімбек, біреуінің аты — Ақылбек, екі бай болды. Екеуі — бір Алдабектің баласы: Әкімбекке дуа тиді, Ақылбекке дуа тимеді. Анаған қалай тиді, соңғысына қалай тимеді? Әкімбек «жынды Әкімбек» атанды, «тентек Әкімбек» атанды. Қожа-молдаға, кәріп-қасерге құдай үшін беріп, дуаны көп алды.
Мұсаның қожасы болып тұрған Сәт қожаға бір барған жолына алтауы — қысыр тайлы бие, алтауы — құлынды бие, айғырын салып, он екі биені бір емес, екі рет берген. Біреуі: «Тауық жұтының зардабынан жұтап қалдым!» — деп барған соң, бірі тағы сондай кем-кетігін шаққандай қылып барған соң. Баянаулада тұрған Қамар хазіретке бір барып түскен жолына он ат берген, бесеуін өз қолымнан барып алып келіп бердім.
Өз әкеме бір барған жолына он жылқы берген. Қай бергенін айтайын: ұшы-қиыры (ғұйыры) жоқ, толып жатыр.
Түркістандық Мәуім-Шәуім тұқымы бір Файзулла деген ишан Арқаға келіп, ел аралап жүріп, Әкімбекке түсіпті. Аттанарында екі түйе, екі ат беріпті. «Ишекемді шығарып салайын!» — деп, бірге еріп ауылдан былай шыққан соң, ишан атынан түсіп жатыр дейді.
— Тақсыр, мұныңыз не? — десе:
— Астымдағы Бұхарадан шыққан арғымақ еді. Ықыласыңа риза (ырза) болдым, сәнге беріп кетейін деп жатырмын! — депті.
— Тақсыр, мына алған малыңыз — өзіңізге сүт, екінші біздікіне келуші болмаңыз! — депті. — Мен берсем, құдай үшін бердім, сенің арғымағыңа сатып беріп тұрмын ба?! — депті.
Әне — дуа тигендік: жалғыз баласы — Қабылбектің отауының оң жағына түскенін көре алмай кетіп еді. Сол жалғыз қалған Қабылбек алпыстан асып, былтыр өлді. Алты баласы бар, үшеу-төртеуі үйлі-баранды болды. Бірден соңғысы Хафиз Семей жақта қызмет жұмысында нан тауып жеп жүр.
Ақылбек қожа-молдаға бір қара берсе, іске татырлық бір нәрсесін алып қалушы еді. Қонған қонақтың іске татырлық я қамшы, я шідер, я бәкі, пышақ бір нәрсесін алып қалмаса, көңілі көншімеуші еді. Әкімбектен үйі де кем емес, күйі де кем емес, кірген кісі шыққысыз үйі де бар еді. «Жұт жылқыдан» кейін толық күйі де бар еді. Тып-типыл, тақыр таза, үй-қорасы түгіл, моласы да жоқ. Құдай сондайдан сақтай гөр, айтқан жерден әрі! Мұны көрген, естіген дуа талап бола көріңдер, дуадан қапы қалмаңдар! «Дуаменен ер көгереді, жаңбырменен жер көгереді» Мұны шын деп біліңдер, имандай наныңдар (инаныңдар). «Дуалы құл арымас, дуасыз құл жарымас», — деген сөз тағы бар.