Әдебиет
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931) — ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931) — ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
Қыз жұмбағының шешуі
1. БАТПА БАЙБЕЙСЕНҚЫЗЫ ЖҰМБАҒЫ
Ертеңмен тұрдым, үш бала көрдім: Екеуі - жалаңаш, біреуінің киімі жоқ. Киімі жоқтың етегі тола ақша түйілген: төгілер деген ойында, қиялында жоқ. Және сонда үш көл көрдім. Екеуі - құры, біреуінің суы жоқ. Суы жоқ көлден үш балық алдым: екеуі өлі, біреуінің жаны жоқ. Және сонда үш үй көрдім: екеуі - жалаңаш, біреуінің шиі жоқ. Және сонда үш қазан көрдім: екеуі - жарық, біреуінің түбі жоқ. Және сонда үш пышақ тауып алдым: екеуі - сынық, біреуінің сабы жоқ.
Суы жоқ көлден жаны жоқ балықты алып, шиі жоқ үйдің ішінде отырып, түбі жоқ қазанға асып жедім, сабы жоқ пышақпен кесіп жедім. Қарыным қабақтай, бұтым таяқтай болды. Сөйтіп отырып, отырған үйімнің жапсарынан шығып кеттім. Есігі ойда да жоқ.
2. МӘШҺҮР- ЖҮСІПТІҢ ШЕШУІ
`Ертеңмен тұрып, үш бала көрдім`, - дегені: бірі - тұл әміл, бірі- қырыс дүние, бірі -дүниеқор адам. Бұған дәлел болуға `Хадис Шәриф` бар: `Айшип ибн адам унушаббу фиа хызылтан хырыс отулаламіл`. Адам осы екеуімен үш ағайынды есепті. Ана екеуі - асылы жалаңаш нәрсе. Дүниеге келген адам жалаңаш келіп, жалаңаш кеткендіктен, киімі жоқ есепті. Киімі болса, киіп кетпес пе еді?!
`Дүниеде қанша нәрсе менікі!` - деп, бауырлап жүргені - жалаңаш кісінің `Етегім тола ақша бар!` - деп, жүргені сықылды, - оны төгіледі деген ойында болмағаны. Жалған дүниеде жүргенде: `Бұл дүние менен қалады!`- деген қай пенденің ойында бар?!
`Үш қол көрдім` - дегені: бірі - дүниеге келмей тұрғандағы ананың қарнынан шыққанда, суы терең көлден кемесі сынып, бір тактай- мен жан сақгап шыққан - жердің құрғанына шыққан есепті емес пе?
Бірі - өлген соңғы адамның күні не болары белгісіз, түбі жоқ тереңге түсіп кеткен сықылды емес пе?! Ол екеуінің заһыры, көрініп тұрған суы жоқ. Бірі - дүние. `Суы жоқ көл`- деп, дүниені айтқаны. Дүние бір сағым есепті нәрсе емес пе?! Суы жоқ көлден алған үш балығы: бірі - тірілік, бірі - денсаулық, бірі - байлық. Өлім даяр тұрғандықтан, тіріліктің өзі өлі балық сықылды. Ауырып, сырқамақ даяр тұрғандықтан, денсаулықтың өзі өлі балық сықылды. Ішіп-жеген қорек, дүниелік - жаны жоқ балық сықылды.
`Үш үй көрдім`- дегені: бірі – заманмазы - адамның басынан өткен заманы. Бірі - заман мастақпыл - адамның алдында, қарсы келешек заманы. Бұл екеуі тұттай жалаңаш. Енді біреуі - `заманхал`, қазір адамның үстінде тұрған заман.
`Оның да шиі жоқ`, - дегені: шиі болса, желге төтеп берер еді.
Адамның басынан дәуренін өшіретұғын жел - өлімі. Қазір тұрған заманның елімнен алып қалуға шамасы болмаған соң, желге шиі жоқ үй есебінде болғанлығын айтқаны.
`Үш қазан тауып алдым` - дегені: адам қолына түскен дүниені туысқан бауырына сақтатуға көзі қимайды. Оны жарық қазан сықылды көреді. Баласына сақтатуға көзі қимайды. Баланы да жарық қазан сықылды көреді. Жарық қазанға сеніп, кісі тамақ қылып, іше ала ма? Бауырына, баласына сенбегенде, сеніп, дүние сақтатқан кісісі қатыны болады. Ол - түбі жоқ қазан. Ана екеуі өзі ішіп-жесе де, дұшпаныңа бермейді ғой. Мұның түбі жоқ қазан есептісі: душар болса, көңілін дауалатқанға байының дүниесінің бетіне қарамай, беріп тауысатын қулар да әрқашан болатұғын уақиға. Олай болғанда, түбі жоқ ыдыс сықылды болды.
`Үш пышақ` - адамда болған үш қуат. Бірі - қуат ғазбие - ашу қуаты. Бірі - қуат шаһуание - әр нәрсеге көңілі шабу қуаты. Бірі - қуат ғаклия: ғақыл-ес қуаты. Қуат ғазбие мен қуат шаһуание - ғақылсыз сынық пышақ сықылды, дәнемеге жарамайды. Ғақылдың өзі де ғылым - сыз сабы жоқ пышақ сықылды.
`Түбі жоқ қазанға асып жедім` - дегені: `Қанша қолыма түскен дүниені қатынмен бас қосып, ортақ ішіп-жедім` - дегені. `Қарным кабақтай болды` - дегені: дүние - қамит, мағрор болып, нәпсімнің семіруі қатден тажауыз болды. `Үш қанат үйіме сыймай, дүрілдеп отырған күнім көп болды` - дегені.
`Бұтым таяқтай болды`, - дегені: `Нәпсі - дүние мысалы сықылды еді де, оны көтеріп, ұшырып жүрген жан аяқ есебінде еді. Жан тарфым, ақырет пайдасы жағым арықтап, өзі өлуге тақалды`, - дегені.
`Шиі жоқ үйдің жапсарынан шығып кеттім, есігі ойда да жоқ`, - дегені: өлім жолын айтқаны. Өлген адам отырған үйінің жабығынан еріксіз шығып кеткен есепті. Есіктен шықпағаны белгілі. Оң жақта жатыр ғой. Жатқанмен, жаны жоқ болғаны- жапсардан шығып кеткен сықылды болғаны - сол. `Осы үйдің есігінен шығайыншы!`- деп, өлім жабдығын ойлаушы мыңнан біреу-ақ болып табылады. Құдай жолына басын құрбандық қылып, өлімді ойлап, жақсылық жолға шығып, сол жолда жүріп өлгендер. Әнеки, үйдің есігінен шыққан - солар. Үйде жатып өлгендер - есік ойында жоқ, жапсардан шығып кеткен есепті.