Әдебиет
Қызыл бәтеңке
Мен оны Əсияның аяғынан көрдім.
Су жаңа қызыл былғары бəтеңке көзіңді қызықтырып, жалт-жұлт етеді.
— Апа! — дедім үйге жүгіріп келіп. — Əсияға шешесі қандай бəтеңке сатып əпергенін көрдің бе? Түу, қандай əдемі!
— Кеше етік сатып əпердім ғой. Алдың — қыс, бəтеңкенің қажеті не саған?
— Түу, апа, бəтеңкеден де аяғым тоңбайды. Алып бер маған…
— Қой, одан да мойныңа орайтын шалма сатып əперейін.
— Түу, шалма не керек сол? Мен былай, пальтомның жағасын көтеріп, міне, бүйтіп жүре бермеймін бе… Апа, бəтеңке…
— Ендеше, етігіңді дүкенге қайта өткізейін, — деді апам менің сөзімді бөліп, бірақ жылы шырай білдірмеді. — Қыстан бəтеңкемен-ақ шығатын болсаң, етіктің қажеті не?
— Оһ, қандай жақсы! Енді менде де əдемі бəтеңке болады!
Қуанғанымнан секіріп-секіріп түсіп, апамның бетінен сүйіп алдым.
Сол күні кешке Əсияныкінен еш айнымайтын су жаңа қызыл бəтеңке киіп, мен де көшеге шықтым…
Арада талай күн өтті. Қызыл бəтеңкенің де қызығы басылды. Ұзамай… екінші тоқсанның алғашқы оқу күні басталды.
…Біз мектепке келгенде, қар қыламықтап қана тұр еді, үлкен үзіліске шыққанда байқадық, жапалақтап жауып кетіпті.
Сабақтан үйге күн бата қайттық. Қар борап тұр. Ұйтқи ұшқан ұлпа қар бетке сабалап, кірпікке жабысады. Көрініп тұрған үйге жеткенімше, бəтеңкенің қысқа қонышынан құйылған суық қар аяғымды қарып кетті. Қалай қалқаласам да болар емес. Қойныма жел гулеп, қар борасыны денемді түршіктіріп жіберді. И-щай!
Үйге жүгіріп кірсем, апам асханада жүр екен.
— Немене, тоңып қалдың ба? — деді дірдектеп тұрған мені көріп, жүзінде жұмбақ күлкі бар.
Мен жауап орнына қатты тітіркеніп, тоңғанымды білдірдім.
— Қалай, қыстан қызыл бəтеңкемен шыға аласың ба? — Мен үндеген жоқпын.
Ертеңіне күн біржолата суытып кетті. Түнде жауған қар шарбақтың алдын басып қалыпты. Үйілген қарға лақтай секіріп, көрші балалармен біраз ойнадық. Ой, күн қандай суық, қалтырап кеттім!
— Қарағым-ау, мұның не? — дейді апам сырттан кірген маған ренжіп.
Аяғыма қарасам, қонышымнан құйылған қар еріп, су болған бəтеңкемнің екі ұрты құдды жайынның басындай жалпиып кетіпті. Өзі баяғы жылтыраған əдемі түсінен де айырылып қалған екен.
Кеше мектептен қайтардағы қатты тоңғаным да кенет есіме түсті. Бүгін қар одан қалың ғой, мынаумен тіпті мектепке дейін жете алмайтын да шығармын…
Етікті дүкенге неге қайта өткіз дедім екен. Апамның көз қарасынан да осы сұрақты айтқызбай ұққандаймын.
Мектепке баратын да кез жетті. Бəтеңкемнің бауын өткізе алмай мықшыңдап жатырмын. Іші əлі дегдімепті, шылқып тұр. Өзім бəтеңке бауының біржола өтпей қойғанын тілегендеймін. Шынында да, сондай бір керемет болса ше? Онда, əрине, апам, сөз жоқ, етікті қайта сатып əперер еді.
Мен соны ойлағанымша болған жоқ, кенет қара былғары етік… Анада апам дүкенге қайта өткізбек болған өзімнің қара былғары етігім дүрс етіп алдыма түсе қалмасы бар ма?! Қарасам, апам қасымда күліп тұр. Қолында су жаңа қызыл шалма.
«Ой, апатайым-ай!» Қуанып кеткен мен бəрін ұмытып, су-су болған қызыл бəтеңкені шешіп алып, есіктен дəлізге қарай бір-ақ зытырдым.
— Əй, көрсеқызар балам-ай! — деп, апам маған қынжыла қарап, күрсініп қойды. — Осы қызыл бəтеңке үшін қандай мазаладың мені. Енді түкке керегі жоқ сияқты лақтырып жатырсың. Асықпасаң, жаз да келер əлі, қызыл бəтеңкені де іздерсің…