Әдебиет
Біздің заманның геройы
(Аударма. М. Ю. Лермонтовтан)
Барлық кітаптарда алғысөз әрі бірінші, әрі ең соңғы нәрсе; ол не кітаптың жазылу мақсатын түсіндіреді де, не дәлелдер айтып сынға жауап береді. Әдетте оқушылардың рухани жағында да, журналдардың сөккенінде де жұмыстары болмайды, сондықтан олар алғысөзді оқымайды да. Әсіресе бізде мұның былай болуы өте күйінішті. Біздің халқымыз сондай жас, сондай ақкөңіл ғой, мысалдың аяғынан ақыл айтқан сәуегейлікті таппаса оны ұға алмайды. Олар қалжыңды түсінбейді, мысқылды сезбейді; олар асылында қисық тәрбиеленген. Олар осы күнгі білімпаздық бұрынғыдан гөрі өткір және көзге түсе қоймайтын, мақтау пердесін жамылып отырып, қарсыласуға мұршасын келтірмей тура соғатын құрал тапқанын, сондықтан тәуір орта мен тәуір кітапта балағатқа орын болмайтынын әлі білмейді. Біздің халық біріне-бірі қарсы екі орданың төңірегіне жататын екі дипломаттың әңгімесін естігеннен кейін, е, бұлар өздерінің сыпайы достығы үшін әрқайсысы өз үкіметін алдап жүр екен ғой деген қорытындыға келетін провинциалдарға ұқсайды.
Бұл кітап жуық арада бірқатар оқушылардың, тіпті, журналдардың сөздің тікелей мағынасына сену зардабын тартты. Біздің заманның геройы тәрізді адамгершіліктен жұрдай біреуді бізге үлгі етіп тартты деп біреулер өте қатты намыстанды, ал, енді біреулер шығарушы өз портретін және өзінің таныстарының портретін суреттеген екен десті... Тым ескі, бишаралық қалжың! Шамасы, өзіндегінің бәрі жаңарып жатқанда осы бір сандырақтары жаңармайтын болған-ау, русь тегінде солайша дүниеге келген ғой. Сиқырлы әңгімелердің ішіндегі ең барып тұрған сиқырлысының өзі де бізде біреуді балағаттау үшін жазылыпты деген даудан аулақ бола қояр ма екен!
Менің падишаларым, біздің заманның геройы да портреттің дәл өзі, бірақ бір адамның ғана портреті емес бұл бүкіл біздің тұстастарымыздың кінәраттарынан оның дәл өршіп тұрған кезінде жиынтықталған портрет. Сіздер адам мұндай жексұрын болуға тиіс емес деп маған тағы да айтарсыздар, ал, онда мен сіздерге, егер сіздер толып жатқан трагикалық және романтикалық жауыздардың болатындығына сенгенде, Печориннің рас екендігіне не үшін сенгілеріңіз келмейді дер едім. Егер сіздер бұдан гөрі де масқара және жиіркеніштірек, ойдан шығарылғандарға қызыға қарасаңыздар, осы бір кейіп, тіпті ойдан шығарылған күннің өзінде де, сіздер тарапыңыздан кешірім неге ала алмайды? Бұл сіздердің күткендеріңізден гөрі де мұнда шындықтың көптігінен емес пе?..
Сіздер адамгершілік бұдан ештеңе ұға қоймайды дерсіздер? Ғафу етіңіздер. Жұртты тәттімен сыйлау жеткілікті болды, одан олардың іштері бұзылды: енді ащы дәрі мен удай шындық керек. Бұдан кейін осы кітаптың авторы бір кездерде жұрттың бойындағы кемшіліктерін түзетуші боламын деген қымбатты талапқа ие болған екен деп ойламаңыздар. Мұндай мүсәпірліктен оны құдай сақтасын. Оған тек қана өз ұғымындағы заманымыздың адамын суреттеу біртүрлі қызық көрінді; оның да, сіздің де бақытсыздығыңызға қарай мұндай адамдар оған жиі кездесуші еді. Аурудың көрсетілгені де жетер, ал оның немен емделуін құдай білсін!
БІРІНШІ БӨЛІМ
I. БЭЛА
Мен Тифлистен лаумен шықтым. Арбамдағы бар жүгім, жартысына дейін Грузия жайында жолшыбай жазылған қағаздарыммен сықалған шағындау ғана бір чемодан. Сол қағаздардың көбі сіздердің бағыңызға жоғалып та қалды, ал менің бағыма чемодан қалған заттарыммен аман қалды.
Мен Қойшауыр жазығына келгенімде, күн қарлы тау жотасына жасырынып бара жатқан мезгіл еді. Түн болмай Қойшауыр тауына жеткісі келген лаушы осетин аттарды тынымсыз айдап, бар даусымен әнге басады. Осы жазық бір тамаша жер! Жан-жағы өткел бермес тау, жасыл пүліш жамылып, шынар ағаштарының шоғымен безенген қызыл қия шыңдар, оның үстіне бетін су шайып айғыз-айғыз болған сарғылт тік жарлармен, әне, ең биікте алтындай жарқыраған қар шашақтары көрінеді, төменде әлдеқандай белгісіз бір өзенмен құшақтасып қараңғы үңгірден шулай атылған Арагва, сымға тартқан күмістей созылып, қабығы күнге шағылысқан жыландай жарқырайды.
Қойшауыр тауының етегіне келін біз бір дұханның қасына тоқтадық, бұл жерде жиырма шақты грузиндер мен таулықтар шуласып жүр, қасымызға таяу қонбақшы болып түйелі керуеншілер тоқтады. Арбамды мына қарғыс атқан таудан асыру үшін менің өгіз жалдауым керек болды, үйткені күз болып жер мұздаққа айналған кез еді, ал таудың биіктігі екі шақырымға жуық.
Амал қанша, мен алты өгізімен бірнеше осетиндерді жалдадым. Бұлардың бірі чемоданымды арқалады да, қалғандары айғайлап өгіздерді көтермеледі.
Менің арбамның соның ала төрт өгіз, сықай тиелген бір арбаны жайымен еркін сүйреп келе жатты. Бұл жәйт мені таң қалдырды. Кабардиндердің күмістелген кішкене трубкасын тарта түсіп артында иесі келе жатыр. Оның басында черкестердің сеңсең бөркі мен үстінде эполетсіз офицер сюртугі бар. Жасы елулер шамасында сияқты. Оның қоңырқай тартқан бет-әлпеті Закавказияның ынтық күнімен көптен бері үйреніскен адам екенін аңғартады, бірақ ерте бурыл тартқан мұрты оның нық басуымен сергек бойына жараспай-ақ тұр. Мен оған жақын келіп иіліп сәлем бердім, ол менің сәлемімді үнсіз қабылдап трубкасының түтінін бұрқ еткізді.
— Мүмкін сізбен жолымыз бір болар?
Ол тағы да үнсіз басын изеді.
— Сіз мүмкін Ставрополь баратын боларсыз?
— Оныңыз рас... қазына нәрселерін апарамын.
— Айтыңызшы, менің бос арбамды осетиндердің көмегімен алты өгіз әрең тартып келе жатқанда, сіздің жүгі сонша ауыр арбаңызды төрт өгіздің дедектетіп отыратыны қалай?
Ол монтанси күлімсіреп, маған маңыздана қарады.
— Сірә, сіз Кавказға жаңада ғана келген боларсыз?
— Бір жыл шамасы болды,— дедім мен.
Ол тағы да жымиып күлді.
— Немене?
— Жәй, әшейін! Бұл азияттар бір оңбағандар емес пе! Сіз, бұлар айғайларымен көмектесіп келе жатыр екен деп ойлайсыз ба? Сайтан біле ме, олардың не деп айғайлайтындарын? Ал өгіздері түсінеді, тіпті жиырмасын жегіңізші, олар өздерінше айғайласа болғаны, өгіздері орнынан қозғалмайды... Барып тұрған хаярлар! Олардан не сұрайсың?.. Өткен-кеткендердің ақшасын сыпыруды сүйеді... Бұл соққандарды мүлдем дәніктіріп жіберген! Қара да тұрыңыз, олар әлі сізден арақтық ақша алады. Мен олардың жәйіне әбден қанықпын, мені жер соқтырып кете алмайды!
— Сіз мұнда көптен қызмет істейсіз бе?
— Я, мен мұнда Алексей Петровичтың тұсында қызмет істегемін,— деп жауап берді ол маңызданыңқырап.— Ол алдыңғы шепке келгенде мен подпоручик едім, таулықтарға қарсы істеген қызметім үшін ол кісінің тұсында екі чин алдым,— деп сөзін жалғастырып әкетті.
— Ал, сіз қазір?..
— Қазір үшінші линейный батальонда болып есептелемін.— Ал сіз ше, сұрауға болар ма екен?..
Мен баян еттім.
Әңгіме осымен бітті де, біз тіл қатыспай қатар жүріп отырдық. Тау басы қар екен. Күн де батты, оңтүстікте болатын ежелгі әдет бойынша даланы түн лезде баса қалды, әйтсе де, еріп жатқан қар арқылы біз жолды оңай айырып отырдық, онша қия болмағанмен жол әлі де тауды өрлеп келеді. Мен чемоданымды арбаға салдырдым да, өгіздерді ауыстырып ат жектірдім, сөйтіп ақырғы рет төменгі — жазыққа көз жіберсем: шатқалдан құйылған толқындай қою тұман жазықты теп-тегіс баса қалған екен, енді ол жақтан біздің құлағымызға ешбір дыбыс естілмейді. Осетиндер мені шулай қоршап арақтық ақша сұрады, сол кезде штабс-капитанның қатты ақырғаны сондай, олар көзді ашып-жұмғанша зытып отырды.
— Бұлар осындай халық! Орысша нан сұрауды білмейді, ал «офицер, араққа ақша берші!» дегенді жаттап ала қойған. Меніңше татарлар бұлардан көп артық; олар дегенмен арақ ішпейді ғой,— деді ол.
Станцияға дейін әлі де бір шақырымдай бар. Айнала тып-тыныш, тыныш болғанда қандай, сармасаның ызыңы арқылы оның ұшып бара жатқан бағытын сезгендейсің. Сол жағымызда терең шыңырау қарауытады, одан әрірек және біздің қарсы алдымызда, бетін әжімдер жауып, қабат-қабат қар жамылған қара күрең тау төбелері батқан күннің әлі де тарқамаған әлсіз шұғыласымен мұнартады. Қараңғы аспанда жұлдыздар көріне бастады, неткен ғажап десеңізші, менің көзіме олар біздің солтүстіктегіден анағұрлым жоғарырақ тұрғандай көрінеді. Жолдың екі жағында қалқиған жалаңаш қара тастар, кең жерлерде қар астынан бұталар қылтияды, бірақ қыбыр еткен бір де бір құрғақ жапырақ жоқ, табиғаттың осынау бір ұйқыдағы шағында шаршаған почта тройкасының пысқырығы мен орыс қоңырауының әрқилы жаңғырығын естудің өзі де қызық екен.
— Ертең күн әдемі болар!—дедім мен. Штабс-капитан ләм деп жауап қатпастан, қарсы алдымыздан көрінген биік тауды саусағымен нұсқады.
— Ол немене?—деп сұрадым мен.
— Гуд тауы.
— Онда немене тұр?
— Қарауытуын көрмейсің бе?
Шынында да Гуд тауы қап-қара боп түнеріп тұр; жан-жағын шарбы бұлттар қамап, дәл басына қара бұлт шеге қалыпты, бұлттың қаралығы сондай, тіпті жабық аспанның өзінде таңбадай көрінеді.
Біз почта станциясын және оны қоршаған саклялардың төбесін айыра бастадық, алдымызда сүйкімді оттар да жылтырайды, дымқыл суық желдің исі келеді, шатқал іші гуілдеп жаңбыр сіркірей бастады, мен буркамды иығыма ілгенімше қар да құйып кетті. Мен штабс-капитанға таңдана қарадым...
— Бізге осында қонуға тура келер, мұндай бұрқасында таудан асуға болмайды,— деді де: - Бұл қалай? Крестовойдың мұзды қарлары құлады ма екен? — деп лаушыдан сұрады.
— Құлаған жоқ, мырза, құлағалы тұрғандары өте көп, - деп жауап берді лаушы осетин.
Станцияда жолаушылар түсетін бөлме болмағандықтан бізді бір түтін қаптаған сакляға түсірді. Мен жолдасымды бірге отырып шай ішуге шақырдым, өйткені менің шойын шайнегім бар еді, Кавказды кезіп жүргендегі келісті нәрсем де сол.
Сакляның бір бұрышы құзға қапсыра салыныпты, әрі су, әрі тайғақ үш баспалдақ сені оның есігіне апарады. Қараңғыда қарманып жүріп мен бір сиырға соқтықтым, (бұлардың сиыр қорасы мен малай жататын бөлмесі бір болады) енді қайда барарымды білсемші: мына жерде қойлар маңыраса, ана жерде ит ырылдайды, сөйтіп тұрғанымда менің бағыма қарай бір бүйірден кенет сығырая жылтыраған жарық есікке ұқсас бір үңгірді табуыма себепші болды. Бұл жерде мен бір ғажайып көрініске тап болдым: төбесін ыс басқан екі діңгекпен тірей салған кем сакляның іші халыққа лық толы екен. Жерде, үй ортасында, маздап от жанып тұр, үй төбесіндегі тесіктен жел қайта қуып тыққан түтіннің қоюлығы сонша, мен көпке дейін ештеңені жөндеп аңғара алмадым; от басында екі кемпір, толып жатқан балалар және бір ашаң жүзді грузин отыр, бәрінің де киімі жалба-жұлба. Амал қанша, біз де от басында отырып трубкамызды тарта бастадық, шайнегіміз де әп-сәтте быжылдап қайнай бастады.
— Сорлы жандар!—дедім мен штабс-капитанға, мелшиіп үн-түнсіз бізге қарай қалған, үсті-бастары кір-кір үй иелерін нұсқап.
— Нағыз кеще халық!—деп жауап берді ол.— Нанасыз ба? Түк білмейді, білімге де ешқандай икемдері жоқ! Біздің кабардиндықтарды, я болмаса шешендерді айтсаңшы, шетінен қарақшы болғанымен ғажап адамдар, ал бұлардың мылтықпен де әуестігі болсайшы; ешқайсысынан бір де бір тәуір қанжар да көре алмайсың. Осетин десе нағыз осетиндер ғой!
— Сіз шешендерде ұзақ тұрдыңыз ба?
— Я, мен қорғанда ротамен он жылға таяу тұрдым. Каменный Брод дейтін жерде,— білетін боларсыз?
— Естуім бар.
— Тәңірім-ау, бұл баскесерлер бізді әбден мезі ғып болып еді ғой, қайта қазір құдайға шүкір, тыныш; бір кезде бекіністің сыртына жүз қадам шықсаң болғаны, сеңсең бөрікті бір албасты әлдеқайда аңдып отырып, сәл мүлгіп кетсең-ақ не мойныңа арқанды тастап жібереді, не ту сыртыңнан оқпен қадалтады. Өжет, өлермен жандар!..
— Сірә басыңыздан талай уақиғалар өткен болар,— дедім мен, бойымды құмарлық билеп.
— Өтті ғой! Неге өтпесін...
Ол осыдан кейін мұртының сол жақ жебесін сипап, басын төмен салып ойға шомды. Жолаушылар мен жазып жүретін адамдардың бойына тән әдет бойынша осыдан қалай да бір уақиғаның жайын тартқыштап білсем екен деп құмарттым. Сол екі арада шай да қайнады; мен чемоданымнан екі жорық стаканын алдым да шай құйдым, сөйтіп біреуін оның алдына қойдым. Ол шайдан бір ұрттап алып өз-өзіне: «Я, талайды кешірдік қой!»— деді. Оның бұл сөзі маған үлкен үміт тудырды. Мен білемін, Кавказда көптен бері тұрған адамдар сөйлеуге, әңгіме айтуға құмар келеді; мұндай жағдай оларға ете сирек кездеседі: кейбіреу ротамен бес жылдай бір қиыр шетте тұрын қалады, сол бес жыл бойы оған амансыз ба дейтін кісі болмайды, (өйткені фельдфебель амандығыңызды тілеймін дейді ғой). Я, әңгімеден көп не бар: төңіректің бәрі тағы, әуесқой халық; күн сайын қауіп, неше түрлі керемет уақиғалар болып тұрады, осыларды жазып отыратын адамдардың бізде тым аздығына еріксіз қынжыласың.
— Азырақ ром қосып жібергіңіз келмей ме? Менде Тифлистен алып шыққан ақ та бар, қазір күн суық қой,— дедім мен жолдасыма.
— Жоқ, алды разы болсын, ішпейтін едім.
— Қалайша?
— Солай, ішпеймін деп ант беріп едім. Менің подпоручик кезім еді, білесіз ғой, бір күні өзара сейіл құрдық, ал түнде тревога болды, біз сол көңілді қалпымызбен майданға шықтық, онымызды Алексей Петрович біліп қойып сыбағамызды берді емес пе, құдай көрсетпесін, ол қалай ашуланды десеңізші! Сотқа беруге аз-ақ қалды.
Кейде жыл бойы жаныңда қара болмай жалғыз тұрасың, бұдан кейін қалай араққа қарарсың, онсын мүлде біткен адаммын дей бер!
Мұны естігеннен кейін мен одан мүлде үміт үзгендей болдым.
— Мына шеркестер,—деді ол,— тойларында, болмаса біреуі өлгенде бозаларын ішіп алады да, кескілеседі де жатады. Мен бір рет соғысқа қатынасы жоқ бір князьдың үйінде қонақта болып, әрең қашып құтылғаным бар.
— Ол қалай болды?
— Былай: (ол трубкасына темекі толтырып, бір керіліп алды да әңгімеге кірісті).— Мен ол кезде ротамен Теректің ар жағындағы қорғанда тұрдым,— оған жақында бес жыл болады. Бір күзде бізге көлікпен азық әкелген бір офицер келді, жасы жиырма бестер шамасындағы жігіт екен. Ол толық әскери формасымен маған келіп, өзінің осы менің қорғанымда қалуға тиіс екенін хабарлады. Өзі сондай талдырмаш, аппақ, үстіндегі мундирі де судай жаңа, сондықтан да мен оның Кавказға жаңада ғана келген адам екенін сол сағатта-ақ біле қойдым. «Сіз, әрине, Россиядан мұнда ауыстырылған боларсыз?» — деп сұрадым мен онан. «Дәл солай, штабс-капитан мырза»,— деп жауап берді ол. Мен оны қолтығынан алып: «Өте қуаныштымын, өте қуаныштымын. Сізге мұнда біраз көңілсіз болады... әйтсе де сізбен біз жақын адамдарша тұратын боламыз. Сіз мені жай әншейін Максим Максимыч деп атай беріңіз, шырағым, мына толық әскери форманың қажеті не? Маған әрқашан да фуражкеңді киіп қана келсең болғаны» дедім. Біз оған пәтер әпердік, ол қорғанда тұрып жатты.
— Оның аты кім еді,— деп сұрадым Максим Максимычтан.
— Оның аты... Григорий Александрович Печорин. Өзі қадірлі жігіт еді, тек азырақ жат мінездері болатын: мысалы, жауын-шашындарда күні бойы аң аулайды, жұрттың бәрі шаршайды, тоңады, ал оның кәперіне кіріп те шықпайды. Ал, кейде үйінде отырып-ақ желдің иісі келсе болғаны суық тиді деп зар қағады, терезенің қақпағы тарсылдаса селк ете түседі, тіпті өңі қашып кетеді, сонысына қарамастан менің көзімше қабанға қарсы жалғыз шыққаны бар; кейде сағаттар бойы тіл қаттыра алмайсың, оның есесіне, әңгімені бастап кетсе болғаны, күлкіден ішің тесілгендей болады... Я, жат мінездері өте көп еді, өзі бай адам болуы керек: әртүрлі қымбат бағалы заттары көп-ақ еді!..
— Сізбен бірге ол ұзақ тұрды ма?—деп сұрадым мен тағы да.
— Бір жылға таяу. Әйтсе де бұл жыл менің есімнен шықпас; мені талай әуреге салғандығынан емес-ау, басынан керемет уақиғалар өткізері туғаннан-ақ маңдайына жазылып қоятын бір адамдар болмай ма!
— Керемет оқиғалар дейсіз бе?— дедім ынтыққан түрде шайды құйып беріп отырып.
— Мен оны сізге қазір-ақ баяндайын. Қорғаннан алты шақырымдай жерде бір бейбіт князь тұрды. Оның он бес жасар баласы әр нәрсені сылтау қылып бізге келгіштеп жүрді. Біз Григорий Александрович екеуміз оны мүлде еркінсітіп жібердік. Өзі барып тұрған баскесердің өзі еді, қолынан келмейтіні жоқ, атпен ағызып келе жатып мылтық атады, жерден бөрік алады. Оның бір жаман мінезі, ақшаға тым құмар еді. Бір күні Григорий Александрович оған қалжыңдап: он сом берейін, әкеңнің малынан ең таңдаулы серкесін ұрлап әкелесің бе, деді; келесі түні серкені мүйізінен сүйреп алып келгенін қайтерсіз? Кейде оны біз ыза қыламыз, ол кезде оның екі көзі қанталап, бізге қанжарын ала ұмтылады. «Ей, Азамат, байқа, басыңды алып шыға алмай жүрме, түрің жамап екен»,— дейтін едім мен оған!
Бір күні бізді тойға шақыра кәрі князьдың өзі келді. Ол үлкен қызын ұзатқалы жатыр екен, біз оған қонақпыз ғой, татар да болса бармауға болмады. Біз жолға шықтық. Ауылдың толып жатқан иттері бізді үріп қарсы алды. Бізді керген әйелдер жасырынып қалады, ал кейбір көзіміз шалғандары тым кейіпсіз жандар. «Мен шеркес әйелдерін сұлу ғой деп ойлаушы едім» — деді маған Григорий Александрович.— «Тоқтай тұрыңыз!» — дедім мен қалжыңдап.
Князьдың саклясына көп халық жиналып қалған екен. Азиаттардың кім көрінгеннің бәрін тойына шақыра беретін әдеті емес пе. Бізді құрметпен қарсы алып қонақ үйіне түсірді. Түбінде қандай күй болады деген оймен, аттарымызды байлаған жерді белгілеп қоюды есімнен шығармадым.
— Олар тойларын қалай өткізеді екен? — деп сұрадым мен штабс-капитаннан.
— Кәдімгідей. Ең әуелі молла құраннан бірдемелер оқиды, сонсын қалыңдық пен күйеуге және олардың туысқандарына сыйлық тартады; тамақ жеп боза ішеді; сонан кейін ат ойыны басталады, әрқашан да үсті-басы жалба-жұлба, май-май, ақсақ атқа мінген біреу аузына келгенін оттап, жұртты күлдіреді; соның артынан ымырт жабыла қонақ үйлерінде, біздіңше айтқанда, балдары басталады. Байғұс шал, оларша аты немене еді... ұмытып та қалыппын, біздің балалайкаға ұқсаған үш шекті бірдеңесімен даңғыр қағады. Қыздар мен жас жігіттер екі қатар тізіліп қарама-қарсы тұрады да алақандарын соғып ән салады. Бұдан кейін бір қыз бен бір жігіт ортаға шығып алып әнмен айтысады, қалғандары тегіс қосылып бұларды көтеріп әкетеді. Біз Печоринмен екеуміз құрметті орында отырғанбыз, міне, оған он алты жастар шамасындағы үй иесінің кіші қызы келіп өлең айтты... қалай десем екен?.. Я, мақтау өлеңі деуге болады.
— Ол қыздың не деп өлең айтқаны есіңізде жоқ па?
— Я, былай деген сияқты еді. «Біздің жас жігіттеріміз сымбатты, олардың ішіктері күміспен күптелген, ал орыстың жас офицері олардан да сымбаттырақ, оның таққан голуны алтын, ол осы ортада биік терек тәрізді, бірақ оған біздің бақшада өсіп, біздің бақшада гүлдеуге жазбаған». Печорин орнынан тұрып қолын біресе маңдайына, біресе көкірегіне басып қызға тәжім етті де, менің жауап қайтаруымды сұрады, мен оларша жақсы білемін ғой, сондықтан оның сөздерін қызға жеткізіп тұрдым.
Қыз біздің қасымыздан кетісімен, мен Григорий Александровичке сыбырлап: «қалай екен?» — дедім.
— Керемет! Аты кім оның? — деді ол. «Оны Бэла деп атайды», — дедім мен.
Шынында да ол әдемі еді: талдырмаш, сұңғақ бойлы, құралайдың көзіндей қап-қара екі көзі ту сыртыңнан өтеді. Печорин ойлы пішінмен одан көзін бір айырмады, қыз да оған көзінің астымен жиі-жиі қарап қояды. Бірақ та, осы бір әдемі князь қызына құмар болып отырған жалғыз ғана Печорин емес еді, бөлменің бір түкпірінен оттай жайнаған басқа да екі көз тапжылмастан қадалуда болатын. Мен байқап отырып оның ескі танысым Казбич екенін білдім. Оны бізге қарсы соғысқа қатысып та, қатынаспай да жүрген адам деуге болмайтын еді. Казбичтің ешқандай тентегі сезілмесе де, ол жөнінде күдік көн болушы еді. Ол қорғанға әкеліп арзанға қой да сатып жүрді, бірақ ешқашан саудаласпайды: не сұраса соны бересің,— басын кессең де айтқанынан жылжымайды. Оны жұрт абректермен бірге Кубань жағына қарай жортуды сүйеді деп те әңгіме қылатын, анығында да оның келбеті нағыз қарақшыларға ұқсас еді; кең жауырынды, жатаған денелі, сұп-сұр... Ал, ептілігі бар-ау, сайтан десең болар! Үстіндегі бешпеті әрқашан да жыртық, жамаулы, қаруларын күмістеген. Астындағы аты бүкіл кабарды жұртына мәлім, бұдан артық атты тегінде ойлап та таба алмассың. Атқұмарлардың бәрі ол атқа текке қызығып жүр дейсіз бе, талай рет ұрлап та кеткілері келген, бірақ ретін таба алмаған... Сол ат осы күнге дейін көз алдымда: смоладай қап-қара, аяқтары тартқан сымдай, көзі Бэланың көзінен бір де кем емес; күші қандай! Маған десең 50 шақырымға шап; үйретілуін айтсайшы, иесінің соңынан итше еріп жүреді, тіпті даусын да таниды! Кей кездерде оны Казбич байлаусыз-ақ тастап жүре береді. Қарақшыларға біткен ат қашан да солай келеді ғой!..
Сол күнгі кеште Казбичтің түрі бұрынғысынан гөрі түнеріңкі еді, мен оның бешпетінің ішінен сауыт киіп алғанын байқап қалдым. «Мұның сауыт киюі тегін емес шығар, ойында бір сұмдық бар-ау»—деп ойладым мен.
Сакля іші қапас болып кеткесін мен желпінейін деп ауаға шықтым. Қараңғылық тауға шөгіп, сай-салаларды тұман баса бастаған екен.
Мен аттар тұрған жаппаға қарай жүрдім, алдарында жемі бар ма екен көрейінші деген ой да келді, онымен қатар сақтықтың да артықшылығы жоқ қой: менің атым да жақсы ат еді, талай кабардылар сұқтана қарап, якши тхе, чек якши! — десетін.
Дуалды жағалап келе жатсам, кенеттен күбірлеген дауыс естілді; бір дауысты тани кеттім: бұл үй иесінің баласы алаңғасар Азамат, ал екіншісі сирек және ақырын сөйлейді. «Бұлар не туралы сөйлесіп тұр? Әлде менің атым жөнінде емес пе екен?»— деген маған ой келді де, бір сөзін де жібергім келмей, дуал қасына отыра қалып тыңдай қойдым. Саклядам жамырай шыққан ән мен дауыстар кейде менің құмарта тыңдап отырған сөздерімді бөліп кетеді.
— Казбич, сенің атың керемет қой! Егер мен үй қожасы болып, отарда үш жүз жылқым болса, сенің жүйрігіңе соның жартысын берер едім, — деді Азамат.
«Ә, Казбич екен ғой!»—дедім мен оның ішінен киген сауытын есіме алып.
Біраз тіл қатпай тұрды да: — Рас,— деді Казбич, — мұндай атты бүкіл кабардыдан таба алмайсың. Бір рет Теректің ар жағына абректермен бірге орыстардың табынын қуып әкелуге бардым; біздің жолымыз болмады, бет бетімізбен қашуға мәжбүр болдық, менің артыма төрт казак-орыс түсті, мен өкшелеп келіп қалған гауірлердің даусын да ести бастадым, алдым қалың ағаш еді. Өзімді аллаға тапсырдым да, ерге жата қалып, өмірімде бірінші рет жануардың жамбасына қамшы салдым, ол бұталар арасына құстай сүңгіді; киімімді тікендер жыртып, қарағаштың қу бұтақтары бетіме соғылады. Атым түбірлерден қарғып, бұталарды омырауымен жарып келеді. Қызығы, атымды тоғайдың шетіне тастай салып, өзім тоғайға кіріп жоқ болу еді, бірақ атымды қия алмадым, әйтеуір пайғамбар қолдады-ау! Бірнеше оқтар төбемнен зуылдап өтіп жатыр; ізіме түскен казак-орыстардың асыға жүгірген дыбысын да естіп келемін. Кенет қарсы алдымнан терең жар кездесе кетпесін бе, атым сәл кідіріңкіреп барып қарғи жөнелді. Артқы екі аяғы жардың арғы қабағынан сытылып кетті де, атым екі алдыңғы аяғына ілігіп шоңқия қалды. Мен лезде тізгінді тастай салып домалап сайға түстім, аттың жанын сол алып қалды; ол қарғып шығып кетті. Казак-орыстар мұның бәрін де көріп тұрды, әйтсе де ешқайсысы мені іздеп сайға түспеді: олар мені өліп кеткен екен деп ойласа керек, мен олардың атымды қуып жөнелген дүсірін естідім. Жүрегімді қан жауып кеткендей болды, сай ішіндегі қалың шөптің арасымен еңбектей жылжып сайдың жиегінен баспалап көз жіберсем: ағаш таусылған екен, бірнеше казак-орыстар алаңға шығып келе жатыр, сол мезгілде менің Қарагөзім олардың қарсы алдарынан шыға келді, шу көтеріп бәрі де атқа тап берісті; олар өте ұзақ қуды, әсіресе біреуі бір-екі мәртебе аттың мойнына арқанды тастап жібере жаздады, сол кезде тұлабойым қалтырап кетті, төмен қарап құдайға жалбарындым. Біраз уақыттан кейін басымды көтеріп алып қарап жіберсем: менің Қарагөзім құйрығын шаншып алып құстай ұшып, еркін желдей есіп барады екен, ал гауірлер, алыста, құбажонда сабылған аттарымен бірінің артынан бірі шұбырып бара жатыр. Осы сөзімнің бәрі рас, оллаһи рас!
Ұзақ түнге мен сайдың ішінде отырдым. Сол шақта не болды дейсің ғой, Азамат! Қараңғыда жар жағалап пысқырынып, кісінеп, жер тарпыған бір аттың дыбысын естідім. бұл менің Қарагөзімнің даусы: я, ол менің серігім — Қарагөзім екен!.. Содан бері біз айрылысып көрген жоқпыз.
Маған оның жүйрігін мойынға қағып, неше түрлі, сүйкімді аттармен атап тұрғаны естіліп тұрды.
— Егер менің мың бием болса бәрін де сенің бір Қарагөзіңе берген болар едім,— деді Азамат.
— Жоқ, маған керек емес, — деді Казбич жәйімен.
— Тыңдашы, Казбич, — деді Азамат біртүрлі жалынышты дауыспен: — сен аяулы адамсың, сен ер жігітсің, менің әкем орыстардан қорқып мені тауға жібермейді; сен атыңды маған берсең, мен сенің тілегеніңді істейін. Әкемнің ең жақсы винтовкасын, немесе қылышын ұрлап әперейін, тіпті не қаласаң соны берейін, оның қылышын барып тұрған алмас десең болар, қолыңды жүзіне жақындатсаң болғаны қылп ете қалады; ал оның сауыты қандай десеңші! Оған салыстырғанда сенің сауытың сауыт емес.
Казбич үн қатпады.
— Сенің атыңды алғаш көргенімде: ол сенің астыңда екі танауы делиіп шиыршық атып тұрды, оның тұяқтары тиген шақпақ тастар жарқылдайды, ол ауыздығымен алысып аспанға секіреді, соны көріп менің жүрегімде әлденелер пайда болды, содан бері дүниенің бәрі көзіме көрінбейді, әкемнің ең таңдаулы жүйріктеріне қарағым да келмейді, оларға мініп жұрт көзіне көрінуді өзіме ұят көремін, бойымды қайғы билейді, сол бір мұңды күйіммен жартас үстінде ұзақты күн отыратын күйге душар болдым, минут сайын менің көз алдымда аяғын әсем басып, садақтың оғындай түзу сенің қара атың тұрады, ол өзінің ойнақтаған көздерін менің көзіме қадап маған тіл қатқысы келгендей. Казбич, егер бұл атыңды маған сатпасаң, мен тірі жүре алмаймын,— деді Азамат дірілдеген дауыспен.
Менің құлағыма оның жылаған дауысы келді; бұл арада сізге бір айта кететінім, Азамат барып тұрған қиқар бала болатын, бұдан жасырақ кезінде де оны қанша азаптасаң да көзіне бір де бір жас алмайтын. Сол кезде оның жылағанына жауап ретінде менің құлағыма күлкіге ұқсас бірдеде естілді.
— Тыңдашы! — деді Азамат қатаң дауыспен,— көріп тұрсың ғой, неге де болса бекіндім. Қаласаң әпкемді де ұрлап әперейін? Оның билегені, ән салғаны қандай?! Ол кестені алтынмен тігеді — бір керемет, мұндай әйел түрік падишасында да болған емес... Мақұл десең ертең түнде мені тасқын судың қасындағы үңгірден күтіп ал, мен оны ертіп көрші ауылға қарай сол жерден өтемін,— содан кейін қыз сенікі. Бэла қалайша сенің жүйрігіңе татымайды?
Казбич ұзақ, өте ұзақ үн қатпады, ақырында жауап берудің орнына ескі бір өлеңді ақырын ғана әндете жөнелді:
Сұлу көп ауылымызда айтсам саған,
Жұлдыздай түнде көзі жарқылдаған
Армандай тартса дағы арулар тым,
Ең жақсы еркіндігі ер жігіттің
Алтынға алса дағы та лай қатын,
Сата алмас баға жетпес жүйрік атын,
Жарысқан құйынменен жануарым,
Алдамас ол иесін, төкпес арын.
Азаматтың жылағаны да, оны мақтағаны да, оның алдында ант-су ішкені де, одан жалынып сұрағаны да босқа кетті; ақырында Казбич шыдамай оның сөзін бөлді:
— Жоғал, ақымақ бала! Саған менің атыма міну қайда? Үш аттамай-ақ ол сені үстінен лақтырып жібереді, сен тасқа соғылып қара құсыңды быт-шыт қыларсың.
— Мені ме! - деп айғай салды Азамат жын қаққандай, сол кезде бала қанжарының сауытқа сарт еткен дыбысы естілді. Күшті қолдың оны қағып жібергені сондай, ол шарбаққа соғылғанда шарбақ солқылдады. «Бір сұмдық болады екен!»—дедім де, мен атқораға жүгірдім, сонан кейін аттарды ауыздықтап сыртқы қораға алып шықтым. Екі минуттен кейін-ақ сакляның іші у-шу болды. Ол былай болды: бешпеті дал-дұл болған Азамат үйге жүгіріп кіріп: «Мені Казбич бауыздамақ болды»,— деді Естіген жұрт ұшып тұрып мылтықтарына жармасты, осылайша айғай-шу мен атыс басталды да кетті, бірақ Казбич атқа мініп үлгіріп, қылышын жалаңдатып, сайтандай көшедегі топқа араласты. «Жат тойының жанжалды шарабын татқанымыз ұнамсыз болар»,— деген оймен Григорий Александровичтың қолынан ұстап тұрып: «біздің тезірек тайғанымыз жөн болар»,— дедім.
— Тоқтай тұрыңыз, немен тынар екен.
— Не жақсылықпен тынар дейсіз; бұл азиаттардың әдеті емес пе: бозаны ішіп алады да, кескілеседі де жатады! — Біз атқа қондық та үйге қарай шаба жөнелдік.
— Казбич қайтті? — деп сұрадым мен штабс-капитаннан шыдамсызданып.
— Оларға не болушы еді! — деп жауап берді ол, стакандағы шайының қалғанын ішіп жатып,— құтылып-ақ кетті!
— Жаралы да болған жоқ па?— деп сұрадым мен.
— Құдай білсін! Қарақшылар ғой, оларға өлім бар ма! Солардың кейбіреулерін кергенім де бар, мысалы, бар денесі найзамен шұрқ-шұрқ тесілсе де, олар қылышын сермеуін қоймайды.
Штабс-капитан бұдан кейін біраз кідіріп қалды да, аяғымен жерді теуіп жіберіп, әңгімесін соза берді:
— Өзімнің бір ісімді өмірде кешірмеймін: сайтан азғырды ма, қалай, қорғанға келісімен дуал сыртында отырып естігендерімнің бәрін Григорий Александровичке айтып бердім; ол күлді, сондай қу ғой, бірақ өзі әлденені ойлағандай болды.
— Немене болды? Айтыңызшы.
— Амал жоқ! Бастап қойғаннан кейін аяқтау керек.
Төрт күн шамасында Азамат қорғанға келді. Әдеті бойынша ол тәтті тағамдар беретін Григорий Александровичтікіне кірді, мен сонда едім. Бір кезде әңгіме ат жайына көшті, Печорин Казбичтің атын мақтай бастады: ол ат сондай ойнақы, киіктей сұлу оның сөзіне қарағанда ондай ат тіпті дүние жүзінде жоқ.
Татар баласының көзі жайнап кетті, ал Печорин оны байқамаған сияқты; мен басқа бір әңгіме айта бастасам, ол әңгімені Казбичтің атына қарай аударады. Осы тарих Азамат келген сайын қайталанатын болды. Үш жетідей өткеннен кейін мен Азаматтың қуқыл тартып, семіп бара жатқанын байқадым, кәдімгі романдардағы ғашықтық дерті тәрізді. Неткен ғажап?..
Мына қараңызшы, бұл әңгіменің мәніне мен кейін түсіндім: Григорий Александрович оны сондай халге жеткізді — ол судан да тайынар емес. Бір күні оған ол: «Байқаймын, Азамат, ол ат саған сондай ұнаған екен, бірақ өз желкеңді көре алмағандай оны да көре алмассың! Кәне айтшы, сол атты саған сыйға тартқан адамға не берер едің? ..»
— Не тілесе соны берер едім, — деді Азамат.
— Олай болса мен саған оны әперейін, бірақ шартым бар... орындаймын деп сен ант ет...
— Ант еттім... Сен де ант ет!
— Жақсы! Ант еттім, ат сенікі болады; ол үшін сен маған қарындасың Бэланы бересің: Қарагөз оның қалың малы. Саудамыз саған тиімді ғой деп ойлаймын.
Азамат үн қатпады.
— Көңілің соқпай ма? Ендеше өзің біл! Мен сені еркек екен ғой деп ойласам, сен әлі бала екенсің ғой: саған а г міну ерте емес пе...
Азамат лып ете қалды. «Әкемді қайтемін» — деді ол.
— Ол тіпті ешқайда бармай ма?
— Рас...
— Разымысың?..
— Разымын,- деп күңк етті Азамат, түсі аппақ қудай боп.— Қашан?
— Казбичтің осында келісі біледі. Ол он шақты қой әкелемін деп уәде берген; қалған істі өзім бітіремін. Байқағайсың, Азамат!
Сөйтіп бұл істі олар жайғастырды... Шынын айтқанда жақсы жұмыс емес! Соңынан мен мұны Печоринге де айттым, оның берген жауабы: ол сияқты сүйкімді күйеуі болғанына шеркештің тағы қызы бақытты болуы тиіс, өйткені ол қалай да күйеу ғой, ал, Казбич болса қарақшы, оны жазаға тарту керек. Өзіңіз ойлаңызшы, бұған қарсы мен не деп жауап бермекпін? .. Бірақ ол кезде олардың Казбичке ойлап жүрген қастандықтары жөнінде мен ештеңе білмейтін едім. Әлдеқалай тағы да Казбич келе қалды да, менен қой мен бал керек пе деп сұрады; мен ертең алып кел дедім. «Азамат!»—деді Григорий Александрович: «Ертең Қарагөз менің қолымда болады, егер бүгін түнде Бэла осында болмаса, атты көзің де көрмейді...»
— Жақсы! — деді де, Азамат ауылына шаба жөнелді. Кешке жақын Григорий Александрович атына мінді де, қару-жарағын асынып қорғаннан шығып кетті: істерін қалай орындағандарын білмеймін, әйтеуір екеуі де түнде қайта оралыпты, Азаматтың ері үстінде қол-аяғы байлаулы, басына шадыра ораған әйелдің көлденең жатқанын сақшы көріпті.
— Ат не болды? — деп, сұрадым штабс-капитаннан.
— Қазір, қазір. Келесі күні таңсәріден Казбич сатуға он қой айдап келді. Дуалға атын байлап маған кірді; қарақшы болғанымен ол менің қонағым ғой, шаймен сыйладым.
Біз әртүрлі әңгімелер айтып отырдық... Бір мезгілде бетіне қарап едім, Казбич селк етіп, өңін ішіне тартып алды да, терезеге ұмтылды; бірақ қырсыққа қарай терезе қора жақтан шығарылған болатын.— «Саған не болды?» — деп сұрадым мен.
— Менің атым!.. Атым! — деді ол қалшылдап.
Анығында да мен ат тұяғының дүбірін естідім: «Әлде бір казак-орыс келген болар...»
— Жоқ! Орыс яман, яман! — деп ол қатты ақырып жіберді де, беталдына қарай тағы барыстай атылды, екі секіргенде-ақ қора ішінде болды; қорған қақпасында сақшы оның жолын мылтықпен бөгеді, ол мылтықтан қарғып өтіп, жолмен жүгіре жөнелді... Алыста шаң көтерілді, Азамат жүйрік Қарагөзбен құйғытып бара жатты; Казбич жүгірген күйінде мылтығын қабынан суырып алып атып қалды, сөйтті де қапы соққанын байқағанша минутке жақын тапжылмай тұрып қалды; бұдан кейін қатты бір шыңғырды да мылтығын тасқа ұрып быт-шытын шығарды, содан кейін жерге домалай кетіп жас баладай еңіреді... Міне, оның маңайына қорған адамдары жиналды, бірақ ол ешкімге де көңіл аудармады, жұрт әңгімелесіп тұрды да кейін қайтысты; мен оның қойларының ақшасын қасына қойғыздым — ол оны қозғамады, өлген адамдай етпетінен түскен күйі жата берді: нанасыз ба, ол сол жатқаннан түн ортасы ауғанша, тіпті түні бойы жатты... Тек қана келесі күні таңертең қорғанға келіп ұрысының атын айтуды сұрады. Азаматтың қалайша атты шешіп алып міне жөнелгенін көрген сақшы жасыруды кере