12 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Әзілхан Нұршайықов

Нұршайықов Әзілхан (1922 - 2011 жыл) – ҚР халық жазушысы.

«Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы қалай жазылды?






(Оқырмандарға жауап)

Менің «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітабым 1970 жылы жарық көрді. Содан бері биыл үшінші жылға аяқ басты. Бірақ бұған дейін де менің оннан аса кітабым жарияланды. Жұрт кезінде мені жақсы очеркист деп таныды. Солай бола тұрса да мен ол кітаптарымның бірде-біріне хат алған емеспін. Ал «Махаббат, қызық мол жылдардың» жалғыз өзіне ғана мыңға жуық хат алдым. Бұрын кейбір кітаптарыма бірді-екілі рецензия шығып, кей кітаптарым атаусыз қала беретін. Ал мына романға республикалық, облыстық, аудандық газеттер беттерінде отызға жуық пікір жарияланды. Сол сияқты, бұған дейін мен кітап оқушылар конференциясы, жазушының өз оқырмандарымен кездесуі дегенді естігенім, көргеніммен, менің бірде-бір кітабым бойынша конференция өтпеген, өзім жазушы ретінде оқырман қауыммен кездеспеген едім. Ал осы роман жайында Қызылорда, Шымкент, Қарағанды, Семей пединституттарында, Қызылорда мен Жамбыл педучилищелерінде, астанамыз Алматыда С.М.Киров атындағы мемлекеттік университет пен қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында, республиканың көптеген қазақ орта мектептерінде оқушылар конференциясы өтті. Мен автор ретінде Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педучилищесінің бес жүз шәкіртімен, Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы пединститутының тіл-әдебиет факультетінің студенттерімен жүздестім.

«Махаббат, қызық мол жылдар» романына байланысты маған хат жолдағандардың көпшілігі студенттер, орта мектептердің жоғары сынып оқушылары, ауыл-селодағы жұмысшы жастар, совет армиясы мен әскери-теңіз флотының жауынгерлері. Солардың ішінде зейнеткерлердің де, үй шаруасындағы әйелдердің де, ауыл интеллитенциясының да лебіздері бар. Өз республикамыздың барлық облыстарынан хат алғандығымның үстіне, туысқан Өзбек республикасының Ташкент, Самарқанд, Бухара, Ферғана сияқты қалаларынан да хаттар келгенін, соның ішінде әсіресе, Қарақалпақ АССР-інен көптеген хаттар алғанымды ерекше атап айтуым қажет. Осы хаттардың бәрінде де оқырмандар алдымен өздерінің бұл кітапты оқығандарын білдіріп, мұндай шығарманы ұсынғаны үшін «Жазушы» баспасына, авторға рахмет айтады.

Сөзіміз жалаң болмас үшін бірнеше хаттан қысқаша үзінділер келтірейік.

Орал облысының Фурманов ауданынан механизатор Е. Әбдаров өз ойын қысқаша ғана былай деп түйіндепті: «Махаббат, қызық мол жылдар» романын нағыз махаббаттың сырын, мәнін ұқтыратын құнды шығарма деп білемін. Тағы да айтар едім, бірақ та әттең, әттең тілім жетпейді». Ал Талдықорған облысының Панфилов ауданынан келген хатта мынадай сөздер жазылған: «Әзілхан Нұршайықовтың жақында шыққан «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оқыдық. Бұл кітап бізге өте ұнады, әрқайсымызға да ой салды. Сол кітаптағы кейіпкерлер осы күнде бар ма екен? Солардың шын аты-жөні кім? Ербол кім? Жомартбек пен Майраның өмірі қандай болды? Бұл сұрақтарды қойған себебіміз бұл кітапта Мұхтар Әуезовтың аты мен фамилиясы өзгерген. Мүмкін Ербол да сол сияқты осы күнгі ақын, жазушыларымыздың бірі шығар. Әлде бұл романның екінші кітабы бар ма? Біздің осы сұрауымызды ескерусіз қалдырмай, жауап беруді өтінеміз.

Механизатор қыздар: Ахметова Тұрсынбүбі, Қамырбаева Пәтігүл».

Сол сияқты Шымкент облысы Қапланбек шаруашылық оқу орнының агрономы Махамбет Алтаев өз пікірін былай хабарлайды: «Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар» романында осы заман тақырыбының күрделі мәселесі — жеке адамға деген махаббатты көпке деген сүйіспеншілікпен ұштастыра біліп, дәл бүгінгі күннің көкейтесті жәйттерінің пернесін тап басқан. Адамгершілік, ізгілік шарттарын бұзбауға, адал махаббатты ардақтап, соның ыстық-суығына күйе білуге, еңбекшілдікке үйретеді... Бұл кітаптың жүректерінде махаббат оты бар бүкіл жастар қауымының керекті құралына айналып, жақсы іске тұлға боларына сенімі зор. Осындай жан азығы мол, жақсы кітаптар берсе екен».

Челябі облысының әскери бөлімінде қызмет етуші жауынгер Кәкібай Әйімбетов «Жазушы» баспасына кітапты оқығаннан кейін былай деп жолдайды: «Соғыс кезінде Ербол ағаларға серік болған «Ақын» романы сияқты, «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы біздің серігіміз болды. Жорықтардан шаршап келгенде оны қолыма алып, оқи бастасам, біржола шаршағанымды ұмытып кетемін. Қасымдағы орыс жігіттеріне де бірнеше рет әңгімелеп айтып бердім. Оларға да өте қатты ұнады. Біздің взводтың жігіттері сіздерге және осындай қызық, тартымды роман жазып шығарған Әзілхан Нұршайықов ағайға көп-көп рахмет айтады». Житомир облысында әскери борышын өтеп жатқан жауынгер Қуантай Бұзаубаев бұл романның өзінің әскери борышын ойдағыдай атқаруға көмектескенін жазады.

Сөйтіп оқырмандар өз хаттарында осылай, алдымен кітап жайындағы пікірлерін білдіре келіп, өздерінің «әттеген-айларын» айтады: анау неге олай болмады, мынау неге бүйтпеді деген сияқты өз өкініштерін ортаға салады. Осындай бірнеше сұрақтарына жауап беруді өтінеді. Ондай сұрақтарға оқырмандармен бетпе-бет жүздескенде толық жауап беруге мүмкіншілік мол. Ал конференцияда кездеспей, республиканың, тіпті, Отанымыздың алыс түкпірлерінде жатқан оқырмандарға жеке-жеке жауап беру қажет. Алғашқы 4-5 хат келгенде мен оларға қолма-қол жауап та бердім. Өйткені мен ол кезде мұндай көп хаттың астында қалармын деп ойламаған едім. Бірте-бірте хат көбейе бастаған соң олардың әрқайсысына бөлек-бөлек жауап жазып үлгере алмайтынымды аңғардым. Жүзінші хат келгенде «Жүз хатқа жауап» деген тақырыппен газетке мақала жазуға, сөйтіп оқырмандарға баспасөз арқылы жауап беруге ұйғардым. Бірақ осы кезде науқастанып, ұзақ уақыт ауруханада жатып қалдым. Шынымды айтсам, сол науқастанып жатқан кезімде оқырмандардан үзбей келіп тұрған хаттар маған дәрігерлердің емі мен дәрісінен кем болған жоқ. Әр хат маған от берді, жаныма жігер құйды.

Міне, ауруханадан шығып, қолыма қуат кіргеннен кейін, романым жөнінде жылы лебіздер білдіріп, хаттар мен қиын күнде демеу болған қадірлі оқырмандарыма рақмет айту үшін қолыма қалам алып, осы жауапты жазуға кірістім.

Жоғарыда аталған мыңға жуық хатты түгел оқып шыққаннан кейін солардың ішіндегі барлық оқырман үшін ортақ мәні бар деген оншақты сұраққа жауап беруді жөн көрдім. Олар мыналар:

Сұрақ: Сіз ақынсыз ба? Әлде жас кезіңізде өлең жаздыңыз ба?

Жауап: Мен бала күнімде өлеңге құмар болдым. Мектепке барғанша елден ескі дастандарды көп тыңдадым. Хат танығаннан кейін «Батырлар жырының» бірін қалдырмай жаттап алдым. Соларға қарап өзімнің де өлең шығарғым келді.

Сөйтіп жүргенде соғыс басталды. Алматыға әскерге келдім. Бір күні кешке (1941 жылы желтоқсанда) бәрімізді тездетіп сапқа тұрғызды. Командир алға келіп:

— Майдандағы 8-гвардиялық дивизияны толықтыруға кім барады? Екі адым алға шығыңдар, — деді.

Денесі төртбақтау келген, жұмыскер пішіндес жас жігіт шығып, бізге қасқая қарсы қарап тұрды. Қапелімде одан басқа ешкім шықпады. Мен шықтым, шыға сала жігіттерге қарсы қарап тұрып, өлеңдетіп қоя бердім:

— Біз жеңеміз, өйткені ісіміз ақ.

Барлық адам баласы бізбенен жақ.

Дүниеге зұлымдық үстем болып,

Тұрмақ емес, әділдік жеңуі хақ!

Әділ ісіміз үшін шығыңдар, азаматтар, алға! — дедім.

— Жарайсың! — деп төртбақ жігіт қолымды қысты. — Өлеңді өзің шығардың ба?

— Өзім шығардым.

Сол-ақ екен, біздің оң жақ, сол жағымыздағы жігіттер кернеп кетті. Сапқа бірге тізілген екі артдивизионнан керегі 80 адам екен, 100 адам шығыппыз. Жиырма адам артық деп командир бірсыпыра адамды кейінге қалдырды. Мені де сол жиырманың ішіне қосты.

— Сен ақын екенсің. Ақын бригадаға да керек. Соғысқа бұлардан сәл кейінірек барамыз, — деді.

— Құп!

Майданға барамын деп саптың алдына алдымен шығып, жігіттерге қасқая қарап тұрған жігіт Төлеген Тоқтаров еді. Кейіннен Тоқтаровқа Совет Одағының Батыры атағы берілгені туралы хабарды естігенде: «Апырай, сонда Төлегенмен бірге қалсам, мен де батыр болар ма едім?!» — деген ой келді. Ол менің албырттығым еді. Әйтпесе екінің бірі ер бола бермейді ғой.

Сонымен мен майданға бару үшін жаңадан жасақталып жатқан бригаданың құрамында қалдым. Өзім бала күнімнен елгезек, ширақ едім. Екі күнде ефрейтор атандым. Көп ұзамай кіші сержант боп шыға келдім. Бәрінен де жақсысы бұрын «Лениншіл жасқа» бір конвертке салып он өлең жіберсем, соның бірде-біреуі басылмайтын еді. Енді бригада газетінде бұрқырап менің өлеңдерім шығатын болды. Бұрын бір ауыз өлең шығарғанға өзімді ақынмын деп санап жүрген басым бригада газетінің бетінде «Кіші сержант Ә. Нұршайықов» деген атпен жиі жариялана бастаған соң өзімді едәуір үлкен ақынмын-ау деп ойладым. Соғысқа барғаннан кейін ұзақ өлеңмен бригада атынан «Атамыз Жамбыл ақынға» деген хат жаздым. Менің осы өлеңім мен оған берген Жамбылдың «Жүз жасаған жүректен» деген жауабы екеуі қатар «Социалистік Қазақстанда» шықты.

Соғыс бітті. Бірден Алматыға келіп, университетке түстім. «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жасқа» өлеңдерімді апардым. Ешқайсысы баспады. «Мынауың бықып тұрған фольклор көрінеді. Фольклордың заманы өткен, шырағым. Бұл түріңменен ешқашанда ақын шықпайды» десті. Бұрынғымның барлығы бос әурешілік екеніне сонда ғана көзім жетті. Сөйтіп, албырт, жас кездегі ақылсыздығымнан ақын бола жаздап, аз-ақ қалдым. Осыдан кейін өлеңмен үзілді-кесілді қош айтысып, журналистік жолға біржола бет түзедім. Прозаның ауылы жаққа да алыстан көз салып жүрдім. Ал поэзия, алғашында уәдесін беріп, үміттендіріп, басқа біреуге күйеуге шығып кеткен қыздай болып, көңілімнен де, көкейімнен де біржола алыстап кетті.

Сұрақ: Осы роман қалай туды? Қанша уақытта жазылды?

Жауап: Мен ұзақ уақыт журналист болдым. Тек қана журналистика жанрларымен: бас мақала, сын мақала, очерк, рецензия жазумен шұғылдандым. Ал әңгімені ауызша ғана айтатынмын. Ауызша айтатын әңгімелерімнің тақырыбы лирикалық, сатиралық, әзіл-қалжың түрінде боп келе беретін. Ұзақ жол жүріп келе жатып машина ішінде, дастархан басында, демалыс үйінде тынығушылар арасында айтатын ондай әңгімелерім бірнешеу еді. Олар «Ботакөз», «Жемпір», «Әтір», «Алтын сағат», «Үлкен жазушының жанында», «Аупартком секретары туралы баллада», «Қызыл көрпе» т.б. болатын. Осылардың бірсыпырасын кейін жолдастардың кеңесімен қағазға түсіріп, газет-журналдарға жарияладым. Кейбіреулері кітапқа да кіріп кетті. Тек сонау 1945—1949 жылдардағы студенттік өмірдің бір сәтіне ғана құрылып, кейін әлденеше рет өңделіп, жөнделіп, толықтырылған «Қызыл көрпе» әңгімесі ұзақ уақыт қағазға түсірілмей, ауызша айтылумен келді. Оның қысқаша мазмұны мынадай еді: соғыстан келген солдат — студент өзімен бірге оқитын қызды сүйеді. Қыз да жігітті жақсы көреді. Жігіт сөз айтқанда басқаға беріп қойған уәдем бар еді, оны қайтемін деп қиналады. Жігіт қыздың уәдесін бұздырмайды. Содан кейін ол сырттай оқуға ауысып кетеді. Бұл әңгімені мен ауызша ең соңғы рет 1968 жылы 7 қарашада белгілі тіл маманы Әйтім Әбдірахмановтың үйіне жиналған көп адамның алдында айттым. Сонда ақын Ғафу Қайырбеков орнынан тұрып, құттықтап қолымды алды да:

— Осы айтқаныңыз қағазға түскен бе? — деп сұрады.

— Жоқ.

— Қағазға түсіресіз бе?

— Түсіремін.

— Ендеше, тез қағазға түсіріңіз, әйтпесе мен мұны поэма етіп жазып қоямын...

Студент күндердегі блокноттардың бірін ақтардым. Ақтара отырып, бұл жайды өзім жазбасыма болмайтынын түсіндім. Күндіз-түні соны қағазға қалай түсіруді ойладым. Қандай қосалқы оқиғалар жанастыру жағын іздестірдім. Ақыры сол жылдың желтоқсанында демалыс алып, осы әңгімені қағазға түсіруге отырдым.

Мен — журналист-жазушымын. Өмір бойы кеңседе қызмет істеп келемін. Профессионал жазушылардың журналист-жазушылардан артықшылығы олар кеңседе қызмет істемейді, үйлерінде жатады, тек қана творчествомен шұғылданады. Ондай мүмкіншілігім болмағандықтан, мен кесек деген көркем шығармаларымды тек қана жыл сайынғы кезекті демалысымды алғанда жазатынмын. Осылай етіп мен бір жылғы демалысымда «Махаббат жыры» деген алғашқы повестімді аяқтадым. Одан кейінгі екі демалысым «Ботакөз», «Әсем» дейтін шағын повестерге жұмсалды, т. т. Ал алпыс сегізінші жылдың кезекті демалысын «Жастық жыры» деген жаңа атпен ауызша «Қызыл көрпе» аталып келген осы әңгімеге жұмсамақ болдым.

Алғашқы жоспарым бұрын жарияланған «Махаббат жыры», «Ботакөз», «Әсем», «Ескі дәптерге» енді «Жастық жырын» қосып, замандастар жайлы шағын, бес повестен құралған роман жасау болды. Осы арада бұл шығарманың қай жақтан баяндалатыны да белгілі болып қалды. Өйткені оған дейінгі шағын повестердің бәрі де бірінші жақтан баяндалатын. Солардың бір бөлігі болғандықтан, мұны да солай етудің қажеттігі айқындалды.

Бұған дейін де мен бұл әңгімені қағазға түсіремін деп бір-екі рет талаптанған болатынмын. Бір рет бастағанымда журналист Ербол Алматыдан келген жазушымен екеуі тың жерлерді аралап жүріп, ауатком председателінің кабинетіне қонады. Сонда Ербол астана жазушысына өз өмірін баяндап береді. Екіншісінде ол кабинетте емес, далада, машина ішінде баяндайтын. Ал үшінші жолы оны кабинетте де емес, машина ішінде де емес, өзен жағасындағы шопан үйінде жатып баяндайтын еттім. Бірақ кітап біткеннен кейін оның басталуын тағы да өзгертуге тура келді. Бір кездескенімізде жазушы Мырзабек Дүйсенов екеуміз жалпы романның атын не деп қоюды ақылдастық. Ол «Махаббат, қызық мол жылдар» деп қоюға кеңес берді. Осыған тоқтадық. Осы атпен «Жазушы» баспасының 1970 жылғы жоспарына 15 баспа табақ роман беремін деп мен заявка жасадым.

Ал ауызша айтқанда 20-30 минутта аяқталатын «Қызыл көрпе» әңгімесі «Жастық жыры» деген атпен қағазға түсе бастағанда шағын повесть көлеміне сыймай, шырқап кетті. Бір ай демалысымда оны бітіре алмадым. 1969 жылдың басында тағы бір ай демалыс алып, тапжылмастан отырдым. Онда да бітпеді. Жазған сайын жаңа линиялар қосылып, шығарманың арқауы қалыңдай берді. Бұрын әңгіме Ербол мен Меңтай арасында ғана болса, енді оған Ербол — Сәлима, Бүркітбай - Сәлима, Меңтай — Тұмажан, Заман — Тана линиялары қосылды. Белгілі бір дәуір — Отан соғысы кезінің қиындығы, одан кейінгі ауыртпалық туралы шығарма жаза отырып, сол кезге тән бұл оқиғалардан аттап кете алмайтын болдым. Оның үстіне Меңтай мен Ерболды, олардың қасындағы басқа жанама кейіпкерлерді сол 40-жылдардың дәрежесінде қалдыру керек пе деген сұраққа да көп ойлануға тура келді. Қалдырсам 70 жылдың жастарына ол ұнай ма? Бұл кітаптың оқырмандары сол Меңтай мен Ерболдың, солардың тұстарының балалары болады. Олардың әке-шешелерінің махаббатын әрі таза күйінде, әрі өздеріне үлгі ете көрсету міндет. Қазіргі жастардың білім дәрежесі де, сыншылды көресі де өте жоғары. Бұлар жоқшылық дегеннің не екенін білмей, молшылық дүниесіне балықтай жүзіп келе жатқан жандар. Олардың махаббат жайындағы түсінігі де өзгешерек. Осылардың бәрін елеп, ескеру, ерекше қажет болды.

1969 жылдың басында алған демалысымда шығарманы аяқтай алмаған соң, сол жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істей жүріп, кештетіп соған үңілумен болдым. Ақыры 1969 жылдың аяғында бір айлық кезекті демалысымды алып, 1970 жылдың 19 қаңтарында кітаптың соңғы нүктесін қойдым.

Кітаптың әр тарауын жеке новелла етіп аяқтап отырдым. Шамасы келсе әр тарау келесі тарауға жетекші болсын. Шамасы келмесе, біткен бір тарау өз алдына жеке әңгіме сияқтанып қалсын дедім. Өйткені осы күнгі оқушының кез-келген романды басынан аяғына дейін оқып отырарлық шамасы жоқ. Қолына тиген романның бір тарауын оқып, тартпаса тастай салуы да мүмкін. Мен кітабымның ең жоқ дегенде оқушы шыдамы жетіп оқыған тарауы ойында қалуына тырыстым. Ол үшін оның оқиғасы қызықты, тілі тартымды — екеуі де өмірдің өзінен алынған шындық болуына көп назар аудардым. Бірсыпыра тарауларды кейін қайталап көшіріп, ондағы оқиға, сезім, сөз шындығын үнемі тексеріп отырдым. Кей күндері жана материалдардан 3-4 бет жазсам, кейде жарты бетті толтыра алмай, қиналған шақтарым да болды. Әсіресе оқушының көз алдында картина сияқты боп қалса-ау деген тұстар тұтқыр тарта берді. Мысалы, Ерболдың ең алғаш жаңа жыл түнінде жауған көбірек қарды боратып келе жатқан сәті. Ерболдың Меңтайға сөз айтатын түні, Ерболдың қайта майданға кеткелі жатқанда Қарашекені шынжырлап жатқан жері т. б.

Әсіресе бұрын ауызша айтып жаттыққан жерлерім (Ерболдың ең алғашқы аудиторияға кіруі, бірінші лекцияны тыңдауы т. б.) өте тез жазылды.

Кітапты жазуын жазып бітсем де қолжазбамды жолдастарға көрсетуге қорқып жүрдім. «Ұнай ма, ұнамай ма? Ұрсып тастамай ма?» деп қымсындым. Оны алғаш оқып, пікір айтқан, көңілімді демеп, буынымды бекіткен ақын Музафар Әлімбаев болды. (Баспа қызметкерлері кітаптың кіріспесін ықшамдау керек дегенде тағы да Әлімбаев сенің кітабыңның бар мазмұны Пришвиннің мына сөзінде тұр, соған зер салшы деген кеңес айтты. Осыдан кейін алғашында эпиграф ретінде алынған Тургенев сөзі мен Пришвин пікірін ұштастырып, кітаптың кіріспесін қайта ықшамдадым).

«Жастық жыры» біткеннен кейін оған бұрынғы повестерді қосуға болмай қалды. Өйткені жалғыз осының өзі баспа жоспарындағы көлемнен көбіректеу боп шықты. Енді мұны жеке кітап етіп шығаруға тура келді. Тек «Жастық жыры» деген аты өзгертіліп, баспаның жоспарында көрсетілген «Махаббат, қызық мол жылдар» деген атпен шығып, «роман» деп аталатын болды. Сонымен, осы кітаптың түбіне бірінші рет фамилиям жазылды.

Сұрақ: Роман неге тек қана махаббатқа құрылған?

Жауап: Бұл романды жастар өмірінен алып, жастарға арнап жазған мақсатым, бұрынғы ата-бабаларымыздың мекеніне ұя салып, бүгінгі біздің орнымызды басатын, ісімізді жалғастырып, алға апаратын болашақ ұрпаққа, солардың жүректерінде асыл адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына титтей де болса өзімнің себебімді тигізуге ұмтылу еді. Біз — ата-ана, жан жүрегімізді жарып шыққан жас қауымның жақсы болуын тілейміз. Солар әділ, адал болып өссе екен дейміз. Баяғы Төлеген ағаларындай уәдеге берік, Жібек апаларындай ақылды, жаугершілік жағдайға душар болса, сонау Қарақыпшақ Қобыландыдай қаһарман батыр, кешегі Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты отаншыл, ержүрек болса екен деп арман етеміз. Өз жүрегіміздегі сол арманды мен жастарға қалай жеткізсем деп толғандым.

Сонда осы ойдың бәрін оларға бір ғана махаббат деген асыл жібекке түйіп беруді мақұл көрдім. Өйткені саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл сезімдердің бірі адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегіне асыл махаббат ешқашанда ұя салмайды. Мінеки, осы себептен де мен жастардың жүрегіне махаббат арқылы жақындауды мақсат еттім. Кітабымның негізгі арқауын махаббат ете отырып, жастарымыздың жанына, жүрегіне, ойына қарапайым халқымыздың кейбір асыл қасиеттерін: ананы ардақтаушылық, қызды қадірлеушілік, алған жарын жанындай сүюшілік, ағаны құрметтеушілік, сертке беріктік, ұйымшылдық, бірлік-бірауыздылық, бауырмалдық сияқты советтік моралімізге сай келетін дәстүрлерін сіңіргім келді. Халқымыздың бұл қасиеттері туралы басқа кітаптарда да жазылған, айтылған, әлі де айтыла берер. Ал мен соған өз үлесімді қосуды парыз тұттым. Ол мақсатым орындалды ма, орындалмады ма — оны оқырман қауым біледі.

Сұрақ: Романда Меңтай неге трагедиялық түрге ұшыратылды? Оны тым болмаса тірі қалдыруға болмайтын ба еді?

Жауап: Меңтайдың басынан кешкен трагедиялық жағдай бірнешеу. Алдымен кішкентай күнінде әкесі өлді. Одан соң соғыста жалғыз ағасы қаза тапты. Оның күйігіне шыдай алмай шешесі қайтыс болды. Бұл соғыс кезіндегі соғыстың тақсіретін тартқан әр жанұяға тән қасиеттер болатын. Халықтың қалын ортасынан шыққан қыз болғандықтан, әрине, Меңтай да сол азаптардан өтуге тиіс еді. Байқауымша, бұл жағына оқырмандар қарсы емес, дәнеңе демейді. Бұдан басқа Меңтай ұшыраған тағы екі трагедиялық хал бар: бірі оның Тұмажанның торына түсіп қалуы, екіншісі өлімі. Көп жұрт, әсіресе, Меңтайдың өліміне өкінеді. Меңтайды өлімге кәрі де, жас та қимайды. Көп жастар Меңтай өлімін жылап отырып оқығандарын жазады. Ал Павлодар облысының Майқайың поселкесінде тұратын пенсионер қарт Кәрібай Уайысов бұл туралы өз хатында былай дейді: «Жолдас Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романын түгел оқып шықтым. Жақсы жазылған. Менің сіздерге хат жазып отырған себебім, романға сын айту емес, Меңтай өлімінің қайғылы екенін айту. Сондай абзал жаратылған адамның өлді деген жерін оқығанда не болып кеткенімді өзім де білмеймін. Жүрегім әлсіреп, сасқанымнан дәрі ішіппін». Немесе Қызылорда облысының Жаңақорған станциясының тұрғыны Қылышбек Бейсекеев былай деп жазады: «Өмірімде қолыма қалам ұстап, шығарма талдап немесе пікір айтып көрген жоқ едім. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романын оқып, қатты толғаныс үстінде қалдым. Мейлі, Меңтай өлді дейік (жоқ, «өлді» деуге ауыз бармайды: оны өлді дегенше әлгі батырдың жолдасы болмай кеткір Тұмажанды өлтіру керек еді). Бірақ «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген бар емес пе? Ендеше Ерболдың содан бергі өмірінен оқушыға екі-үш бет қана хабар беруге болар еді ғой. Сосынғы бір айтарым: біздің ауылда осы кітаптың ішіндегі «Апамның айтқандары» деген нақылдарды қойын кітаптарына көшіріп алған адамдарды көрдім. Бұл да Меңтайды сыйлағандықтың белгісі деп білдім». Мінеки, оқырмандардың пікірі -Меңтайдың тағдыры туралы екі ұдай: біреулер өлгенін дұрыс көреді, біреулер тірі қалдыру керек еді деседі. Бірақ қанша қиналып, қынжылғандарымен көпшілік оқырмандар оның өлгенін дұрыс санайды.

Шынымды айтсам, мен Меңтайды «өлтіремін» деп ойлаған жоқ едім. Алғашқы жоспарымда Меңтай Ерболмен қосылмайтын, Тұмажан опасыз боп шыққаннан кейін басқа біреумен тұрмыс құрып кететін. Содан жиырма жыл өткеннен кейін Жоғарғы Советтің сессиясы кезінде депутат Меңтай мен журналист Ербол екеуі астанада кездесетін. Бірақ «Татьяна менің еркімнен тыс ерге шығып кетті» деп Пушкин айтқандай, Меңтай да менің еркімсіз Ерболға шықты, онымен аз уақыт қана тәтті дәурен сүріп, дүниеден қайтты.

Меңтайдың күйін кешіп, осы күні тірі жүргендер де бар өмірде. Ендеше оны романдағыдай қайғылы халге ұшыратпауға да болатын еді. Бірақ романның мазмұнын «Меңтай жақсы қыз еді. Алғашында адасты. Артынан бақытты болды» деген сөздерге ғана сыйдырсақ оқушы соған иланар ма еді? Иланбауы мүмкін. Өйткені өмірде екінің бірі бақытты бола бере ме? Қазір ғашықтарға ешбір бөгет жоқ: заман дұрыс, заң әділ дегенімізбен, әлденелер бөгет болып, әркім әртүрлі себеппен арманда кетіп жатпай ма? Романда Заман мен Тана мақсаттарына жетіп, бақытты болады. Оның үстіне Ербол мен Меңтайды бақытты етіп қойсам, тым тәтті болып кетпей ме? Міне, осындай толғаныс үстінде Меңтайды трагедиялық халге жеткізу жайында еміс-еміс ой келді. Оған мынадай бір себеп те болды.

Бұл роман жазылмас бұрын, газетте қызмет істейтін журналист кезімде бір жас әйелдің редакцияға жазған хатын тексере бардым. Аупартком кабинеттерінің бірінде арыз иесімен әңгімелестім. Қазірдің өзінде уыздай өңді келіншектің қыз кезінде керемет сұлу болғаны аңғарылады. Келіншек көзінің жасын сығып тастап, сұрақтарыма жауап берді. Ол өзі облыстық қалалардың бірінде жоғары оқу орнын бітіріпті. Көрікті қызға көз салғыштар көп болмай ма? Бұған да солай болыпты. Соған мастанып, бұл ешкімге қарамай қояды. «Бұйырмаған қызға бұғалық түспейді» дегендей, ешкімді көзіне ілмей, ойнақтап жүре береді. Әсіресе жұпыны жігіт қызға көп жалынады. Киімің нашар, бойың тапал деп қыз ол жігітті де маңына жолатпай қояды. Сөйтіп жүргенде қыз институтты бітіруге айналады. Бір күні кештен бірге қайтқан екі жігіт қызды шығарып салмақ болып келе жатып, алдап бір үйге кіргізеді де, екіншісі есікті сырттан кілттеп, кетіп қалады. Тағамы, шарабы жасаулы тұрған йен үйде әлсіз қыз еңгезердей жігітпен екі күн оңаша қалуға мәжбүр болады. Сөйтіп сақтығынан айырылған қыз пәктігінен айырылады — арамза жігіттердің шығарып саламыз дегеніне жүре берген сорлы бала осылайша опасыздың олжасына айналады. Бұл оқиғадан кейін қыз институтты тауысып, дипломын алып, үн-түнсіз қызметке жөнеледі де, барған жерінде бірінші сөз айтқан жігітке тұрмысқа шығады да кетеді. Бірақ шыққан жігіті мінезсіз болып кездеседі.

— Пәктіктен айырылғаннан кейін ақтығың адыра қалады екен, ағай, — деді келіншек тағы да өксіп жылап алып. — Күйеуім мас болған сайын мені балағаттап: «Сен маған келгенде қыз емес болатынсың» деп кінәлайтын, тіпті, қол жұмсап, ұратын болды. Осылай да осылай, зорлыққа душар болдым деп талай рет жалынып, жылап, шынымды айттым. Бірақ оған күйеуім сенбеді. Сенің бұрын ғашықтарың болған, пәктігіңді солардың біріне сыйлағансың деп, ол өз сөзін айтатын болды. Кей күндері үйге қонбайтынды шығарды.

Күйеуім — жоғары білімді зоотехник. Алғашында оқыған жігіт қой, ескі салттардың жөн-жосығына мән бермейтін шығар деп ойладым. Оған уәдемді берсем де, ұрлық қылған кісідей, өмірлік жан-жарыма ақаусыз жете алмағаныма қиналып, қысылған едім. Ақыры ойлағанымдай болып шықты. Сөйтсем оқыған жігіттердің өздері-ақ студент күндерінде көрікті қыз кездессе, қызыл көрген қарғадай шуласып, таласып, төбелесіп жүргендерімен, кейін үйленген кездерінде алған қыздарының сызаты жоқ, шыныдай мөлдірлігін талап етеді екен. Алған қыздары көңіліндегідей боп шыққан жігіттер қуана құжыңдап, алтын тапқандай мақтанышын сездіріп жүрсе, ондай болмағандар өз-өзінен тұнжырап, суық тигендей шытынай беретінін байқадым. Тегі, күйеуім мені сүймейтін шығар, шын сүйген адам ондайға қарамау керек қой деп те ойладым. Қайдан білейін. Осыны күздің күніндей тұнжыратпай, біржола ажырасып кетсем бе деп те оқталдым. Ерден шыққан әйелден ешкім пәктік талап етпейді ғой. Дәм жазса тағы біреуге қосылармын дедім. Бірақ олай етуге елден ұялдым, өзім оқытып жүрген шәкірт балалардан қысылдым. «Пәленше мұғалім күйеуінен ажырасып кетіпті» деген қаңқу сөзден қорықтым.

Өстіп дел-сал болып жүргенімде бір күні түнде күйеуім мас боп, менің бала күндегі жолдасым деп үйге бөтен біреуді ертіп келді. Оған төсек салдырып, маған соның қасына жат деп итермеледі. «Бұл маған келген кезде қыз емес болатын, бүгін сен қойнына жатып шық» деп оған ыржалақтады. Мен жерге кіріп кете жаздадым. Бұл қорлықты көргенше өлейін деп, қыстың аязында киімсіз далаға қаштым. Содан үсініп, үш ай ауруханада жаттым. Жақында ғана жазылып шықтым.

Шынымды айтсам, жынданудың сәл-ақ алдында қалдым, ағай. Тағы да сол үйде тұрып жатырмын. Күйеуімнің бетіне кісі екен деп қарағым келмейді. Бір столдың басында басымыз түйіспейді. Ол өз тамағын өзі істеп ішеді, мен де өз бетіммен тіршілік етемін. Ортамызда жалғыз бала бар. Екеумізді бір ошақтың басында ұстап отырған дәнекер сол ғана. Әйтпесе сырт бүтін болғанымен, іш түтін.

Осылай деп келіншек төмен қарап, сәл үнсіз отырды да, әңгімесін қайта жалғап кетті.

— Жас күнде, қыз кезімізде, көбіміздің көзімізді шел қаптап жүреді екен, ағай. Бір жігіттің бойы аласа, екіншісінің өңі сиықсыз — бұлар «Ландыш», бізге «Венера» керек деп, өзімізге адал серік болар жақсы жігіттерді аяғымыздың астында жатса да аңдамайды екенбіз. Бұрын институтта жүргенде группадағы жігіттердің бәрі мені сыйлайтын еді. Олар менің атымды Гүлім демей, ылғи Ақгүлім деп атаушы еді. Енді міне ақ гүл емес, қара гүл болдым. Жер үстінде құр сүлдерім жүргені болмаса, кейде өзімді тірі өлік, тірі аруаққа санаймын. Қызмет, бала, жора-жолдас — бәрі алданыш қой. Бірақ әйелдің шын бақыты осылардың үстінде өмірлік жан-жарының жақсы болуында екен.

Мінеки, ағай, өмірім осы менің. Ауруханада жатып, жаным қиналғанда редакцияға хат жазғанмын. Бір адам жіберсеңіздер бар қайғы-сырымды айтамын дегенмін. Келгеніңізге рахмет.

Бірақ өзімді-өзім әшкерелеп, жұртқа жайып қайтемін деген тағы бір ойға тоқтадым. Сізден өтініш, менің күйеуіммен оңаша сөйлесіп, осының бәрін айтыңыз. Алдымен арақ ішкенді қой деңіз. Бар бәле содан басталады. Осыған уәдеңді берсең мен сені масқаралап, газетке жазбаймын деңіз. Ол осыған көнсе, газетке жазбай-ақ қоюыңызды сұраймын.

Әрине, мен келіншектің күйеуімен де сөйлестім. Ол уәдесін берді. Бірақ осы оқиға менің есімде сақталып қалды. Мінеки, романдағы Меңтайдың тағдырын немен тындыру керек деп толғанғанда бұл жай ойыма оралды. Келіншектің сонда айтқан: «Тегі, күйеуім мені сүймейтін шығар, шын сүйген адам ондайға қарамауы керек қой деп ойладым» деген сөзі бір шындықтың шетін аңғартқандай болды. Меңтайды Ерболға қосу туралы ой осыдан туды. Ал халқымыз ежелден ұлын адал, қызын пәк етіп өсірген. Өйткені пәктік жас жұбайлардың бір-біріне болашақ қадір-құрметінің, достық-сыйластығының, риясыз берілгендігінің басы деп білген. Ендеше біз өз ұрпағымызды aтa-бабамыздың бүгінгі коммунистік моральға жақын келетін осы дәстүрі негізінде неге тәрбиелемейміз? Осы мақсат үшін қимасам да, қиналсам да, оқушы жан-тәнімен жақсы көрген ақылды ару Меңтайды құрбан еттім. Бұл «қаталдығым» үшін оқырман қауымнан кешірім өтінемін. Бұл арада менің ұзақ жыл очеркист болғаным да кінәлі ме деп ойлаймын. Өйткені очеркист өмірде болған оқиғаны ғана суреттейді, фактіні ғана шамалайды. Тегі, менің ескі кәсібіме тартып, Меңтай басынан өткен трагедиялық халді өмірде шын болған оқиғаға негіздеп жіберуім де ықтимал.

Қалай дегенмен де мен автор ретінде Меңтайға разымын. Өзі өлсе де көңіліндегі сабағын беріп тынды. Адалдықтың, адамгершіліктің, достықтың, асыл жардың әнін өзінше шырқап өтті. Менің жақсылығымнан үлгі алыңдар, қатемді қайталамаңдар деп кетті. Ол өзінің қоғамшыл, көпшіл ісімен, әділ адалдығымен әр оқырманның көңілінде қалды.

Сұрақ: Ербол мінезіндегі кейбір жасықтықтарды қалай ұғуға болады?

Жауап: Ербол — момын ата-анадан туған, халқының, қоғамының бойындағы ең жақсы қасиеттерді бойына сіңірген, Қазан революциясынан бес жыл кейін дүниеге келген жас азамат Ербол социалистік қоғамның қырқыншы жылдары піскен нәрлі жемісі, осы күні жаңа адамдар деп аталатын Қазан төлінің алдынғы легіндегі күрескер. Сырттай қораш көрінгенімен Ербол іштей ақылды, адамгершілікті, көпшіл, қоғамшыл, досшыл, сабырлы жігіт. Әңгіме адамгершілік пен арға тірелгенде ол екінің бірі бара алмайтын кесек қимылдарға барады: жан-жағын жалмауыздай жайпап келе жатқан жау танкісімен жекпе-жек айқасады; жолдастарына қауіп төнгенде жыландай ысқырып, снарядті құшақтап алып, шұңқырға лақтырады; досының қызы Тананың абыройын төкпеу үшін онымен үш күн бірге болғанда тастай боп қатып қалады; өзі жақсы көре тұра Меңтайдың басқаға берген сертін бұздырмайды; өзі жалаңаш-жалпы жүріп, костюмге жинаған ақшасын Заманды іздеп бара жатқан Танаға жол қаражат етіп береді. Оқырмандар оның бойындағы осы қасиеттерді дұрыс түсініп, бағалаған. Түсіне тұра кейбір оқырмандардың Ербол мінезіндегі екі «жасықтыққа» зығырданы қайнайды... Мектеп ішіндегі Бүркітбай Сәлиманы ұрғанда Ербол неге Бүркітбайды сақалынан алып, жағасын жыртпады? Неге ол вагонда Ошақбаевты тым болмаса шапалақпен бір тартып жібермеді? — деп өкінеді. Алматы облысының Кеген ауданынан «Меңтайдың өліміне Ерболдың ынжықтығы кінәлі. Ербол шүу басында сертін бұздырып, Меңтайға үйленіп алса, онда мұндай аянышты хал болмайтын еді. Бәріне еркектер кінәлі, оларға ешқашан да сенуге болмайды» — деп маған ашулы хат жазды. Бірақ осылардың бәріне оқырмандар өздері жауап беріп жатыр. ҚазМУ-дың М.О.Әуезов атындағы әдеби бірлестігінде осы романға арналған конференцияда бірді-екілі жігіттер Ерболды аузындағысынан айырылып қалатын ынжық деп кінәлағанда, өзге жастар (әсіресе қыздар) бұл пікірге қарсы шықты. Трибунадан сөйлеген кейбір қыздар әзілдеп: егер осы күнгі жігіттеріміздің бәрі Ерболдай болса, қыздар одан артықты іздемес еді деген пікірді де айтты.

ҚазПИ-де болған кездесуде сөйлеген Жамалова деген студент қыз: «Ербол Бүркітбайды бір ұрғанмен, Сәлиманың басына бақыт орнай ма? Ошақбаевтың бетіне бір түкіргенмен, Меңтайдың міні бүтінделе ме? Екеуі де болмайды. Ендеше мен Ерболдың сабырлылықпен астасқан ақылдылығын құптаймын» деді. Мен бұл жайында осы студент қыздан асырып ештеңе айта алмайтын сияқтымын.

Жазушының кітаптағы кейіпкерлерін жан-жақты білуі парыз. Сондықтан да мен шығармаға кіріспес бұрын оның кейіпкерлерінің кейбір прототиптерімен әлденеше рет кездестім. Оған журналистік қызметім мүмкіндік берді. Олардың бәріне де «Қызыл көрпені» ауызша айтып бердім. Әңгімем тыңдаушыларға ұнаған сайын маған да шабыт келіп, осыны жазсам, жұрт оқыр еді-ау деген ой баурай бастады. Осы тоқтамға 1968 жылдың күзінде анық келгенімді жоғарыда айттым. Ескі достармен жүздескенде өтіп кеткен қырқыншы жылдардағы студенттік өмірдің өзім ұмытып қалған детальдарын қойын дәптерге және түрте жүрдім. Шығармаға отырар алдында университеттің Совет көшесіндегі ескі корпусын әдейі барып аралап шықтым. Өзіміздің ескі аудиторияларға кірдім, кітапханаға бас сұқтым. Университеттің Калинин мен Виноградов көшелеріндегі ескі жатақханаларын жағалай және аралап шықтым. Дәлізде жүріп, бөлмелердің нөмірлеріне дейін үңіліп көз салдым. Қасымнан өтіп жатқан қыз-жігіттер менің осыдан жиырма жыл бұрын өздері сияқты студент боп, осы бөлмелердің бірінде жатқанымды, қазір сол студенттік өмір жайында кітап жазуға келгенімді, әрине, сезген де жоқ.

Ескі орындарды аралай жүріп, мен кітабымның бас қаһармандарының бірі Ербол Есеновтың қандай болуы керектігін ойладым. Сөз жоқ, ол Ұлы Отан соғысына барып, жауды жеңіп қайтқан саналы қазақ жастарының жиынтық бейнесі болуға тиіс. Сондықтан да Ербол кітаптың алғашқы